Мәслихат сайлауында бір мандатқа орта есеппен үш кандидаттан таласады

АСТАНА. KAZINFORM – 29 қарашада өтетін сайлау науқаны нәтижесінде елміз бойынша 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов айтты.

Фото: ҚР ОСК

- Жалпы, еліміз бойынша осы науқанда 228 мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайлануы керек. Олардың ішінде 3 113-і – бір мандаттық сайлау округтері бойынша, ал 334-і – партиялық тізімдер бойынша. Партиялық тізім бойынша 20 өңірден 334 орынға 97 партиялық тізім тіркелді. Тізімде 1 160 кандидат бар. Енді осыны мандатқа бөлсек, бір орынға 3-4 кандидаттан келеді, - деді Азамат Айманақұмов ОСК отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Оның мәліметінше, бір мандаттық округтер бойынша барлығы 9 422 кандидат тіркеліп, олардың аты-жөндері сайлау бюллетендеріне енгізілді. Бір мандатқа орташа бәсекелестік үш кандидаттан келеді.

- Ең жоғарғы бәсекелестік Түркістан облысында - 5 кандидатта, ал 121 округте бір мандатқа төрт кандидаттан келеді. Бұл - ең жоғарғы бәсекелестік. Ең төменгі бәсекелестік екі кандидаттан тұрған өңірлер де кездеседі. Нақты айтқанда 11 өңірдегі 44 округте 1 мандатқа 2 адамнан үміткер. Кандидаттар туралы ақпараттық плакаттар арнайы тәртіппен учаскелік сайлау комиссияларында ілінген, - деді ол.

Айта кетейік, мәслихат депутаттарын сайлау күні еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтін 10 338 сайлау учаскесінде дауыс беруге болады.