26 қарашада ұйымдастырылған жиынға Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, қоғамдық кеңес мүшелері, саясаттанушылар және «Талдау» аналитика мектебінің сарапшылары қатысты.
«Қоғамдық келісім» КММ директоры, дөңгелек үстел модераторы Ғалымжан Құсманғалидың айтуынша, 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін басталған өкілді билік жүйесін республикалық деңгейден аудандық деңгейге дейін жаңарту кезеңін қорытындылайды.
Ол соңғы 23 жылда алғаш рет мәслихат сайлауы Парламент сайлауынан бөлек өтетінін атап өтті. Сайлау науқанында жол, жылу және сумен қамту, абаттандыру сияқты жергілікті мәселелерге басымдық беріліп отыр. Қарағанды облысында депутаттар 196 бірмандатты сайлау округі бойынша сайланады. Қазір 612 кандидат тіркелген. Орта есеппен бір мандатқа 3,1 кандидаттан келеді.
Модератор биыл жазда қабылданған заңға сәйкес мәслихат депутаттарының өкілеттіктері кеңейгенін де айтты. Енді депутаттық сауалдарға жауап беру мерзімі 15 күнге дейін қысқартылды. Депутаттар өз округіндегі сайлаушылармен жылына кемінде екі рет кездесуге міндетті. Ал аудандық мәслихат мүлік салығының ауылдар мен кенттердің бюджеттерінде қалатын үлесін айқындайды.
-Бұл өкілеттіктерді сайлаудың өзі емес, заң береді. Ал сайлау осы өкілеттіктерді кімнің және қаншалықты кәсіби деңгейде жүзеге асыратынын айқындайды, – деді Ғалымжан Құсманғали.
«Қазақстанның жаңа саяси жүйесіндегі мәслихаттар» тақырыбында Қарағанды қалалық мәслихатының төрт шақырылымында хатшы болған, Мәжілістің VIII шақырылымының бұрынғы депутаты Құдайберген Бексұлтанов баяндама жасады.
Ол мәслихаттар институтын нығайту, олардың өкілеттіктерін кеңейту, депутаттық бақылауды күшейту және депутаттардың жауапкершілігін арттыру міндеттеріне тоқталды. Спикер халықтың өзекті мәселелерін шешуде және өңірлік бастамаларды жалпыұлттық деңгейде ілгерілетуде мәслихаттардың алатын орнына назар аударды.
Сондай-ақ саяси партиялар мен депутаттық фракциялардың халықпен жүйелі жұмыс жүргізуі, сайлауалды міндеттемелердің орындалуы туралы тұрақты есеп беруі және қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуі маңызды екенін айтты.
Университеттің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Нұртас Смағұлов мәслихаттардың нақты өкілеттіктері мен қызметінің тиімділігі туралы баяндады. Ол жаңа Конституцияның жергілікті өкілді органдарға қатысты нормаларын түсіндірді.
Конституцияның IX бөлімі жергілікті өкілді органдардың мәртебесін айқындайды. Ал 88-бапқа сәйкес аумақты дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және оның орындалуы туралы есептерді бекіту мәслихаттардың құзыретіне жатады.
Сарапшының пікірінше, бұл нормалар мәслихаттардың жергілікті мәселелерді талқылаумен шектелмей, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылайтын институт ретіндегі рөлін айқындайды. Осы ретте депутаттардың ашық жұмыс істеуі, тұрғындармен тұрақты кездесуі және сайлауалды бағдарламаларының орындалуы туралы есеп беруі маңызды.
Ал университеттің философия және психология факультетінің деканы, PhD докторы Анара Мақатова жергілікті өкілдік пен өзін-өзі басқаруды дамыту перспективаларын сөз етті.
Ол орталықсыздандыру үдерісін әкімшілік, фискалдық және саяси бағыттарға бөліп қарастырды. Сондай-ақ Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің 1993 жылдан жаңа Конституция қабылданғанға дейінгі даму кезеңдеріне тоқталды.
Баяндамада төртінші деңгейдегі бюджет мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл – жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін аудандық мәслихат бекітетін ауылдар, кенттер мен ауылдық округтердің бюджеті. Бұдан бөлек, азаматтардың шешім қабылдауға қатысу тетіктері – жергілікті қоғамдастық жиындары, қоғамдық тыңдаулар, цифрлық платформалар және халық қатысатын бюджет мәселелері талқыланды.
Анара Мақатованың пікірінше, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту пәрменді өкілді органдарға, өңірлердің қаржылық дербестігіне және азаматтардың белсенді қатысуына негізделуі тиіс.
Пікірталас барысында облыс тұрғындарының депутаттарға жиі жолдайтын өтініштері, депутаттардың сайлаушылар алдындағы есептілігін бақылау тетіктері және мәслихат жұмысына жастар мен түрлі сала мамандарын тарту мәселелері де қозғалды.
Жиынды қорытындылаған Ғалымжан Құсманғали Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәслихат депутаттарының III республикалық форумында қойған міндетін еске салды. Президент депутаттар халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етуі керектігін атап өткен.
Осыған дейін ОСК мәслихат сайлауына байланысты 20 өңірдегі дайындықты тексерді.