Мәслихаттардың елдің саяси өміріндегі рөлін арттыру керек - Қ.Медиев

None
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың арқасында соңғы жылдары барлық деңгейдегі мәслихаттардың беделі мен маңызы артып келеді.

Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімдігінде өткен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ІІІ конференциясында аталмыш Бірлестіктің орталық кеңесінің төрағасы Қасымбек Медиев айтты.

«Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың арқасында соңғы жылдары барлық деңгейдегі мәслихаттардың беделі мен маңызы артып келеді. Мәслихаттарға берілген қосымша өкілеттіліктер елдің әрбір өңіріне жағымды үдерістер алып келді. Мәслихаттың өкілетті органдарының елдің саяси өміріндегі рөлін арттыру мәселесі де бірнеше рет көтерілді. Мұндай өкілеттіктермен мәслихат депутаттары сайлаушылардың мүдделерін нақты жеткізе алып, атқарушы органға ықпал ете алушы еді», - дейді ол.

Қ.Медиев, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігін құрудағы басты мақсаттардың бірі осы болғандығын айтады. Себебі, оған қол жеткізудің бірден-бір жолы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын біріктіру болды.

Қ.Медиевтің айтуынша, бүгінгі күні бірлестіктің 3925 мүшесі бар, оның ішінде 2955-і - депутаттар. Бұл Қазақстандағы барлық мәслихат депутаттарының 91 пайызын құрайды.

Қоғамдық бірлестік елдің барлық саяси үрдістеріне белсене араласып, барлық деңгейдегі мәслихаттардың күш-жігерін осы бағытқа үйлестіруге, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына халықтың оң бағасын қалыптастыруға ықпал етіп келеді.