Масыл жастардың саны неге көбейіп барады? - Өңірлік баспасөзге шолу
* * *
Тізерлемеңізші, жігітім! - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
Қазақтың салт-дәстүрінде жастардың шаңырақ көтеріп, үй болуына қатысты жөн-жоралғылары баршылық. Осыған байланысты «Оңтүстік Қазақстан» газеті сол дәстүрлердің бүгінгі заманға лайықтысын, дәріптеуге болатындарына көз жүгіртеді. «Соның бірі - қол ұстасу. Яғни күйеу жігіттің қалыңдығын қолынан ұстап үйіне алып келуі. Ол - жұбайлық өмірдің басы. Ері ендігі жерде әйелі үшін жауапты, некемен келер барлық жауапкершілікті мойнына алады. Бұл дәстүрді қазіргі келісіммен «алып қашуға» ұқсастыруға болады. Бір қуанарлығы, қазір қалыңдықты айттырып, ата-анасының келісімімен ұзату жақсы үрдіске айналды» деп жазады газет.
Әйтсе де, мәселе онда емес. Мақала авторы қазіргі кейбір жастардың қарын аштырарлық қылықтарына наразы болады. Соның бірі - қыздың қолын сұрау. Жазуынша, қазіргі күні қазақ жастарының арасында болашақ жарына үйлену туралы ұсыныс білдірерде ата-бабаның дәстүріне жүгінбей, еуропашалап кететіндердің қатары көбейген.
«Бүгінде қыз алдында тізерлеп отырып қолын сұрайтын жігіттер пайда болды. Бұл, тіпті, сәнге айналды десек те болады. Тізерлеп сөз салу батыс серілерінен қалған сарқыншақ екені айтпаса да түсінікті. Алайда, ешкімнің алдында тізесін бүкпеген қазақтың бүгінгі ұрпағы қыз алдында тізе бүгуге көшті. Көзге оғаш көрінетіні де содан...» деп жазады автор.
Мәселе жастарды романтикадан бас тарттыру емес екен, керісінше өмірде бір-ақ рет болатын жауапты сәт олардың есінде қалуы керек. Сондықтан, автор сөз салу сәтінің бірнеше нұсқасын да алға тартуды ұмытпапты.
Алманың отанында отырып, алманы шетелден сатып алу ұят - «Ақ жол» газеті
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын қолдаушылар көп. Ал «Ақ жол» газеті осы айтулы мақаладағы «Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны» деп аталатын тарауына мән беріпті. «Мұны мақтаныш етіп қана қоймай, осындай брендтік өнімдерімізді өзімізде егіп өсіруді дамытуға тиіспіз» дейді газет.
Мақаланың автор Жамбыл облысында алма өсіретін кәсіпкер екен. 2015 жылдан бері алма өсірумен айналысып келетін көрінеді. Қазір гектарына 10 тонна көлемінде алма алады. 2019-2021 жылдары бұл көрсеткішті 45-50 тоннаға жеткізбекші де.
«Задында, алма өсірудің машақаты аз емес. Олар негізінен заманауи технологиялар негізінде өсірілуде. Бүгінгі таңда еліміз тек Қытай елінен 18,6 мың тонна алма, 24,7 мың тонна шие және өрік сынды жемістерді тұтынып отыр екен. Сондай-ақ нарығымызда Қырғыз, Польша, Иран елдерінің де өнімдері аз емес. Сондықтан интенсивті бақ өсірудегі негізгі мақсат өзге мемлекеттердің тауарына тәуелді болмай, өз өнімімізді жаппай тұтынуға қол жеткізу болып отыр» депті шаруа қожалығының жетекшісі. Шындығында, алманы біз шеттен емес, керісінше шетел сол алманың отанынан алуы тиіс емес пе?
Лабасы атауы дұрыс па? - «Жетісу» газеті
Жетісу өлкесінде Лабасы тауы бар. Облыстық газеттегі мақалада осы таудың атауы туралы жазылған.
«Ата-бабамыз ат қоюға өте шебер болған ғой. Атауларды кездейсоқ қоя салмаған. Оларды орналасқан аймағымен, мәнімен, көркімен, ерекшелігімен байланыстырғандығы бәрімізге белгілі. Алысқа бармай-ақ қояйын, осы өңірдегі атаулардың барлығының мағынасы да, айтылуы да өзіне өте жарасып тұр. Мысалы, Ешкіөлмес, Текелі, Жалғызағаш, Ақсу, Көксу, Қаратал, айта берсе тағысы тағы бар. Бірақ, кейбір атаулар бұрмаланып түбегейлі өзгеріске ұшырған. Олар Лабасы, Биғаш сияқты атаулар» деп жазады автор.
Бұл ретте автор «Лабасы» атауының, оның мағынасының төркініне жету үшін біраз зерттеу жасапты. Аңыз, әңгімелерге де үңіліпті. Әңгімелердің бірінде ол тауда «Ла» деген жоңғар батырының басы алынған деп айтылады. Сондықтан, бұл атау аңыз-әңгімелер бойынша келтірілген болуы да мүмкін екен. Бірақ автор бұл тұжырыммен келіспей, жұртты ой бөлісуге шақырады. Өзінің де пайымын алға тартады. Таудың бастапқы атауы «Алыпасу» деген жорамалын да айтады. Ескі географиялық карталарда бұл тау жотасы «Албасу» деп көрсетілгенін де еске салады.
«Мені көптен бері мазалап жүрген ой осы еді. Сол себепті Лабасы тауы өңіріндегі аудандардың халқынан осы жоғарыда айтылған тұжырымға келісіп қолдау көрсетулерін және Лабасы тауы мен ауылдың атын «Алып асу» деп өзгертуді қолдауларын сұраймын.
Өзгеше пікірлеріңіз болса оны да ортаға салыңыздар! Зейін салыңыздар, қазақшасы да, орысшасы да өзінің табиғи келбетіне сай ерекше жаңғырып тұр!» деп жазады автор.
Жедел жәрдем неге кешігеді? - «Ақтөбе» газеті
Осыдан біраз бұрын кішкене бүлдіршіннің жедел жәрдем жетпей қайтыс болып кеткені әлеуметтік желіге тарап, жұрт дүр сілкінген еді. Осыған орай болса керек, Ақтөбе облысының әкімі жедел жәрдем бекетінің өзіне барып жиын ашыпты. Мақала соған арналған. Айта кетерлігі, әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде халықтың отыз пайыздан астамы медицинаға көңілі толмайтынын айтыпты. Әкім де осыны меңзесе керек, жаңа ғимаратта отырғандарға шүйліккен.
«Жедел жәрдем орталығы салынғаннан кейін мәселе шешіледі, уақыт 10-15 минутқа кемиді дедік. Қайда кемігені? Диспетчер қоңырауды көтермейді, одан қалса байланысу мүмкін емес. Әркім өзіне берілген міндетті дұрыс орындауы керек. Егер орындамаса, басқа талап қойылады. Мақсат - ғимаратты салып, мерседеспен жүру емес, халыққа көрсететін қызмет сапасын жақсарту» депті әкім.
Әңгіме барысында емхана мен ауруханадағы мамандардың мәдениеті, тәртібі де қаралыпты. Әкім бүй деген: «Аурухананың, емхананың бас дәрігерлері, орынбасарлары «ауру кінәлі», «ата-ана кінәлі» дегенді қоюы керек. Мысалы, баласы ауырып, өлейін деп жатыр. Сол кезде ата-ананың жағдайы қалай болады? Неге соны түсінбейміз? «Дұрыс айтпады», «Мекенжайды дұрыс бермеді» деп ата-ананы, ауру адамды кінәлағанды қойыңдар. Бұл ешқандай сылтауға жатпайды».
«Алимент өндіріп, күн көреміз» немесе масыл жастардың саны неге көбеюде?.. .- «Орал өңірі» газеті
«Орал өңірі» газеті ажырасып жатқан отбасыларға қатысты мәселе көтеріп, бұны бүгінгі қоғамдағы ащы шындық ретінде бағалапты. Ойран болған бір отбасының мысалын келтіре отырып, тура соған ұқсас тағдырлар ай, жыл, тіпті күн сайын қайталанып жатқанын алға тартады. Шынымен, қазіргі жас отбасылардың арасында ажырасу неге көбейіп кетті?
«Отбасын бұзу дәстүрі қазақ арасында күнә саналған. Мұндайға жол берілмеуіне некесін қидыртқандардың өздері де, ауыл ақсақалдары да мүдделі болған. Бүгін ше?.. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, қазіргі кезде елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келе жатқаны ешкімге де құпия емес. Отбасы - шағын мемлекет деп жатамыз. Ерлізайыптылардың некелік одағы неғұрлым берік, мықты болса, жүздеген, мыңдаған «шағын мемлекеттерден» құралатын мемлекетіміздің де мерейі соғұрлым биік, асқақ болмас па?! Рас, өмірдің аты - өмір. Келісу де, керісу де, татулық та, ажырасу да, көздің жасы да, жақсы көрудің жалғандығы мен махаббаттың баянсыздығы да кездесіп тұратындығы өмірдің жазылмаған заңы іспеттес» деп жазады газет.
Келтірілген дерекке қарағанда, бір ғана аудан деңгейінде биылғы жылдың он айы ішінде ажырасу жөнінде аудандық сотқа 28 арыз түскен екен. Сотта қаралған істердің 17-сі қанағаттандырылыпты. Алты іс медиация арқылы татуласуына байланысты қысқартылса, талапкерлердің арызына сәйкес бір іс қараусыз қалдырылыпты. Түскен арыздардың барлығына дерлік алимент өндіріп алу арызы да бірге жалғанады.
Маман пікірінше, қазіргі жастардың арасында отбасын құру жөніндегі жауапкершілік төмен екен. Ең өкініштісі, кейбіреулер тіпті түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ажырасып жататын көрінеді. Әңгіме барысында қазіргі қоғамда әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым түсіп бара жатқаны туралы да айтылады.
«Қазіргі таңда алимент өндіру жұмыстары заң бойынша жеке сот орындаушыға жүктелген және алимент төлемеген азаматқа қатаң жаза қолданылады. Заңды біліп алған әйел алиментті өндіріп алып, сонымен күн көремін деп ойлайды. Барлығына бірдей топырақ шашқымыз келмейді, бірақ «алимент өндіріп те, күн көремін» дейтін жастар көбейіп бара жатқандығы ақиқат» деп жазады газет.
«Ерлі-зайыпты атанғандардың үштен бірі айырылысып кетіп жатса, оған қарсы қоятын қандай амал, қандай тосқауыл бар?Біз оны таба аламыз ба? Отбасын ұстау мен сақтау - ерлі-зайыптыларға қатар жүктелетін міндет. Үйленіп, үй болу үшін де сөз жоқ, ең алдымен асқан жауапкершілік қажет» деп түйіндейді автор.
«Моңғол» сөзі қайдан шыққан? - «Дидар» газеті
«Қарақыпшақ Қобыланды жырында «Қырық мың үйлі Қият» жыры кездесетін. Ол кезде оған кім көңіл аударған?!«Қырық мың үйлі Қияттан» Шыңғыс ханның шыққанын кім білген?! Бірақ мен оқыған сол жырларда Моңғол екені айтылмайтын. «Моңғол» деген сөз де кездеспейтін. Сондағы «Қырық мың үйлі Қият» қазақтың Керей, Найман, Қоңырат, Жалайыр, Меркіт, Уақ, тағы басқа толып жатқан тайпа-рулары сияқты айтылатын және оқылатын. Біз солай түсініп өстік және кішкентай кезімізден олар қазақ деген ой-пікір қалыптастырдық» деп жазыпты автор.
Мақалада «моңғол» терминіне бірқатар ғалымдардың пікірі келтіріліп, пайым жасалады.
«Шығыстағы ұлы көршіміз «Қытай» деген жібек матаның атымен аталады. Бірақ осыған қарамай, олар өздерін «ханьдықтармыз» немесе «хансулармыз» дейді. Кезінде Ұлы Жібек жолымен түрлі-түсті маталар Еуропаға дейін жеткен. Матаға қызыққан ел, осы матаны өндіретін елді «Қытайды шығарушы ел» деп атап кеткен. Өздерін «ұлы хань еліміз», «хансулармыз» деп жүрген жұртқа «қытай» сөзі жабысты да қалды. Тарихта матаның атымен Қытай елі болып аталды. Қорсынған да жоқ, намыстанған да жоқ, ақыры осы сөзді мойындап, өздеріне қабылдап алды. Сонда жылнамашының қате жазуынан қазақтың «Мыңқол» сөзінен «Моңғол» атанып кеткен далалық буряттар неге шындықтан қашып намыстанады?! Бартольдтың томдарын аударыстырып отырсаң, осыдан мың жыл бұрын буряттар 2-3 мың ғана түтін екен. Түбіттей ғана аз ел империя тұрмақ, хандық құра ала ма? Дәстүрі басқа Буддаға табынатын жұрт өздерін түркілер деп сендірмек болады. Якуттар болса, бір жөн түркіге жататын»...
«Доча» дегенді «айналайынмен» алмастыруға болмас па? - «Атырау» газеті
Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Елсана» руханият клубының ақылдастарымен кеңейтілген алқа отырысы өтіпті. Мақала тақырыбына арқау болған әңгіме сонда айтылса керек. Ақылдастар алқасы «жаһандану заманында өзіміздің бірегейлігімізді сақтап қала аламыз ба, жоқ па?» деген мәселеге жауап іздеп, талқы жасаған екен.
Әңгіме барысында ұрпақ тәрбиелеу мәселесі де сөз болған. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев дәл осы төңіректі қозғапты.
«Ахмет Байтұрсынұлы ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден екенін айтқан болатын. Мұнымен не деуге болады? Яғни, біз көп жағдайда баланың академиялық білім алуына көңіл бөліп, оның есеп-қисап пен физикалық құбылыстарды терең білгенін қалаймыз. Бірақ, оның мінезін қалыптастыруға келгенде ақсап жатамыз. Бұны жасырудың жөні жоқ. «Ауруын жасырған өледі» деген тағы бар» деген екен әкім.
Мақалада жазылғанындай, облыс басшысы білім мен тәрбиені ұштастыру мәселесіне тоқталып, оның өзі отбасындағы жауапкершілікке тікелей байланысты екенін еске салған екен.
«Бүгінгідей көшеде кетіп бара жатқан кей ата-аналардың балаларына «доча, сына» деп айтып жатқан сөздері де артта қалатын болады. Қазақтың осы сөздерді алмастыра алатындай «айналайын», «көкем», «ботам» деген тамаша сөздері көп қой. Баланы «мектепке барған соң ұстазы үйретеді» деп күтіп отырмай, үйде де ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге болады. Бұл әр ата-ананың, әр азаматтың парызы. Кей кездері сол парызымызды орындай алмай жатамыз» депті облыс басшысы.