Матаевтар ісі. Куәгер «ҚазТАГ»-тың шарт талаптарын бұзғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алу шартының талаптарын бұзған. Сейітқазы және Әсет Матаевтардың иелігіндегі агенттік күн сайын еліміздегі іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық хабарларды ашық жағдайда оқырмандарға жеткізіп отыруға тиіс болған. Бұл туралы «Матаевтар ісі» бойынша куәгерлердің бірі, Ақпарат және мұрағаттар комитетінің баспа БАҚ басқармасының бұрынғы жетекшісі Әлия Айғаринаның сотқа берген жауабында айтылды. Сотқа қатыса алмауына орай Ә. Айғаринаның сотқа берген түсінігін судья Ақболат Құрмантаев оқып берді.

«Анықталған заң бұзушылықтарды байқаған соң мен істің ақ-қарасын білуге бірнеше рет төрағаның орынбасары Бек Арпабаев арқылы комитет басшылығына жүгіндім. Онда «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-інің қызметі мемлекеттік сатып алу жөніндегі №222 шартында көрсетілген талаптарға сай келмейтінін айттым. Алайда Бек Арпабаев «ҚазТАГ»-тың атқарған жұмысын әр ай сайын сол жіберген күйінде қабылдауға нұсқау берді»,- делінген Ә. Айғаринаның жауабында.

Кейініректе «ҚазТАГ»-тың тарапынан болған заң бұзушылықтар жөнінде ол Ақпарат және мұрағаттар комитетінің төрағасы Болат Берсебаевты да хабардар етеді. Алайда анықталған заң бұзушылықтарға қарамастан, төраға да агенттіктің атқарылған жұмыстар жөніндегі актілеріне тездетіп қол қойып, қабылдап алуға нұсқау береді. Куәгердің айтуынша, ол комитет басшылығы берген нұсқауды өз еркінен тыс болса да, орындауға мәжбүр болған. «Алайда комитет басшылығы берген нұсқауларды орындауға мәжбүр болдым. Себебі мені қысымға алып, жұмыстан шығаруы немесе жұмыс істеуге төзбейтін ахуал туғызуы (ондай жағдайда жұмыстан өзім де кетемін ғой) мүмкін еді»,- деп жазыпты Ә. Айғарина.

Айтарлығы, Б. Арпабаев та, Б. Берсебаев та Ә. Айғаринаға нұсқауды ауызша беріп отырған. Сайып келгенде, «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-гі 2010 жылдың 25-інші тамызында қол қойылған №222 мемлекеттік сатып алу шартының талаптарын бұзған. Яғни агенттік ай сайын қажетті ақпараттық хабарламаларды оқырмандарға жеткізбеген. Бұған қоса, ҚазТАГ-тың веб-сайтындағы жаңалықтар ақылы негізде жарияланған. «Бұл заңға қайшы келетін іс. Өйткені мемлекеттік ақпараттық саясатты халыққа ашық, қолжетімді жағдайда насихаттауға мемлекеттік сатып алу бойынша бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді»,- деп түсіндіреді Ә. Айғарина. Куәгер өзінің сотқа берген жауабында осындай жағдайдың 2011 жылы да қайталанғанын айтады. Ол өткен жылғыдай www.kaztag.kz  сайтына кіріп, жаңалықтар мен ақпараттық хабарлардың ақылы негізде жарияланғанын көреді.

Айта кетелік, осы эпизод бойынша куәгерлер мен зардап шеккен тараптың өкілінің сотқа берген түсініктерінен кейін судья А. Құрмантаев Сейітқазы және Әсет Матаевтарға сөз кезегін берді. Бірақ олар сотқа қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

 

Әмірлан Әлімжан.