МАТАЕВТАР ІСІ: «ҰБК» ҚБ орналастырған «Қазақтелеком» материалдарының құнын 143 млн. теңгеге асырып көрсеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Сейтқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасуда.

Бүгін сот залында «Бизнес-аудит» ЖШС-нің маманы Евгений Юнусов «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігіне жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша  коммерциялық емес ұйым түрінде клубтың 5 жылдық қызметіндегі кірістер мен шығыстар арасындағы айырмашылық 1,1 млрд. теңгені құрағанын айтты.

 Куәгер Юнусов аудиторлық тексерудің бухгалтерлік есеп-қисап пен бастапқы құжаттардың толық болмауы салдарынан қиынға соққанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, 2012-2013 жылдар ішіндегі жекелеген құжаттар мен баспа басылымдары салынған екі папка ғана болған.

«2011 жылдың 1 қаңтарынан 2015 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңдегі «ҰБК» ҚБ-ның кірісі 1 368 136 794 теңгені құраған. Есепшот-фактуралары мен баспа басылымдарда көрсетілген қызметтер мен орындалған актілердің электронды түрдегі банк үзінді көшірмелерінің мәліметтері бойынша шығыс 264237450 теңгеге тең. Кірістің жалпы сомасы мен шығыстардың жалпы сомасы арасындағы айырма 1 103 899 343 теңгені құрайды», - деді сарапшы.

Сонымен қатар оның айтуынша, қоғамдық бірлестіктің 2011-2015 жылдары кезеңіндегі  электронды түрдегі банк үзінді көшірмелеріндегі мәліметтерге сәйкес жалға беруден жалпы сомасы 776 727 642 теңге ақша қаражатын алған.  Мұнан ары «ҰБК» ҚБ «ҰБК» ЖШС-іне бөлме-жайларды жалдағаны үшін 3900 мың теңге ақша қаражатын аударған. Жалға беруден алған кіріс пен «ҰБК» ҚБ-ның «ҰБК» ЖШС-іне жалдау төлемі шығысының арасындағы айырма 772 827 642 теңгені құрайды. Яғни, аталған сома қоғамдық бірлестікте қалған.

Куәгер Юнусовтың айтуынша, «ҰБК» ҚБ-іне «Қазақтелеком» орналастырған жарнамалық-ақпараттық материалдардың құны 143 960 753 астам теңгеге асырып көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік, тексеру актісіне сәйкес, Сейтқазы Матаев жалтарған салық берешегі корпоративтік табыс салығы бойынша 179,3 млн және жеке табыс салығы бойынша 65,5 млн. теңгені құрайды.