Бүгін Астанадағы № 2 Есіл аудандық соты осындай шешім шығарды. «Қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы Астана қаласындағы № 2 Есіл аудандық сотының № 2015-ші сот залында 2016 жылдың 23-інші тамызында сағат 10.00-де өтеді. Айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақ күйінде қалдырылсын»,- деп хабарлады сотқа төрағалық етуші судья Ақболат Құрмантаев.
Әкелі-балалы Матаевтардың қорғаушылары - Мәдина Бакиева, Андрей Петров және Серікқали Мусиндер сотқа жеті өтініш білдірді. Олар сот залына компьютер әкелуді, кардиолог-дәрігердің отырысқа қатысуын, әкелі-балалы Матаевтарды үйқамақтан кепілге босатуды, қылмыстық іс материалдары бойынша экономикалық сараптама жүргізуді, өздері қорғайтын адамдарды қолайлы пәтерге ауыстыруды, соттың қылмыстық істі қарау мерзімін ұзартуды және басты сот отырыстарын Алматы қаласында өткізуді сұрады.
Алдын-ала сот тыңдауында қорғаушы тарап айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді: үйқамақтан кепілге босатуды сұрады. Мәлім болғанындай, сотталушылардың туыстары мен жақындары 1 млн-нан астам ақша жинапты. «Жасының ұлғайғанын, отбасылық жағдайын ескере отырып, менің қорғауымдағы адамның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, сондай-ақ тергеуден қашу немесе жалтаруға әрекеттенбегенін ескере келе, Сейітқазы Бейсенғазыұлы Матаевқа қатысты бұлтартпау шарасын - үйқамақтан кепілге босатуға өзгертуді сұраймын. Матаевтар отбасының туыстары мен жақындары кепіл есебінде соттар әкімшісінің есеп-шотына 500 АЕК көлемінде ақша аударды, бұл шамамен 1,07 млн. теңге. Бұған қоса, туыстары мен жақындары құны 6 млн. теңгеден асатын «Toyota Land Cruizer» автокөлігін қосымша кепіл есебінде қабылдауды өтінеді»,- деп хабарлады сотта Андрей Петров. Қорғаушылар Әсет Матаевқа қатысты да осыған ұқсас өтінішхат дайындапты. Олар Ә. Матаевтың 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде кепіл беруге дайын екенін айтты.
Алайда мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев Сейітқазы және Әсет Матаевтарды кепілге босату туралы өтінішті қанағаттандыруға ешқандай негіз жоқтығын мәлімдеді. «Қазіргі кезге дейін С. Матаев келтірілген шығынды өтеген жоқ, тергеуге көмек көрсеткен жоқ. Сол себепті дәл қазір Сейітқазы және Әсет Матаевтарды үйқамақтан кепілге босатуға ешқандай негіз жоқ»,- деді Е. Құрақбаев. Айта кетелік, бір сағатқа жуық кеңесу бөлмесіне кеткен сот бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Еске сала кетсек, сотқа дейінгі тергеуден мәлім болғанындай, Сейітқазы және Әсет Матаевтарға «алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бюджетінің 300 млн. теңгесін ұрлады» деген айып тағылуда. Сондай-ақ тергеу мәліметтері бойынша Сейітқазы Матаев 2011-2015 жылдар аралығында 216 952 683 теңгенің салығын төлеуден жалтарған. Сотқа дейінгі тергеу кезінде Сейітқазы және Әсет Матаевтар түсінік беруден бас тартты.