Шараға ЮНЕСКО Бюросының Қазақстандағы, Қырғызстан мен Тәжікстандағы өкілдері, ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия, мүдделі министрлік қызметкерлері мен сарапшылары қатысуда. Тренинг аясында 6-10 сәуір күндері аралығында қатысушылар еліміздегі материалдық емес құндылықтарды тиімді сақтаудың мүмкіндіктерін талқылайтын болады. Сонымен қатар, қатысушыларды ЮНЕСКО Конвенциясы бойынша материалдық емес құндылықтарды сақтау жөніндегі шараларға үйрету көзделеді. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 28 желтоқсанында ЮНЕСКО-ның бас директорына Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялағаны туралы акт берілген болатын. Осылайша, Қазақстан Конвенцияға қатысушы 142-нші мемлекет атанды. Ал Конвенцияның 34-бабына сәйкес, құжат Қазақстан бойынша ратификацияланғаны туралы акті берілген күнге үш ай толғанда, яғни 2012 жылдың 28 наурызында күшіне енді.
Естеріңізге сала кетейік, Конвенцияның мақсаты материалдық емес мәдени мұраны қорғау, тиісті қоғамдастықтардың, топтардың және жекелеген адамдардың материалдық емес мұрасын құрметтеу, жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде материалдық емес мәдени мұраның және оның өзара танылуының маңыздылығына назар аудару болып табылады.
Бұл ретте материалдық емес мәдени мұра материалдық емес мәдени мұраны иеленуші ретінде тілді қоса алғанда, ойды жеткізудің ауызша дәстүрлері мен нысандарын; орындаушылық өнерді; әдет-ғұрыптарды, салт-жораларды, мейрамдарды, табиғат пен дүниеге қатысты білімдерді; дәстүрлі кәсіпшіліктермен байланысты білімдер мен дағдыларды білдіреді. Құжаттың негізгі мақсаты адамзаттың материалдық емес құндылықтарын зерттеу, оларды қорғау жөнінде шара қолдану және бұл мәселе бойынша халықаралық ынтымақтастық орнату болып табылады. Конвенция 2003 жылы қазанда Париж қаласында ЮНЕСКО-да қабылданған.