Материалдық, ұйымдастырушылық ресурстары жоқ адвокатура қоғамдағы құқық қорғаушы салалардың ең әлсізі болып отыр - халықаралық конференция
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы адвокатураны дамыту» атты тақырыпта өткен халықаралық конференция барысында Алматы қалалық адвокаттар алқасының төрағасы Кенжеғали Қаршегенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, адвокатура адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен айналысатын азаматтық қоғамның белсенді мүшесі. Адвокатура кәсіби қорғаушы ретінде өзін-өзі басқаруға құқылы және ол өзін-өзі қаржыландырып, оның қызметіне заңнан тыс ешкім де араласпауы қажет. «Осы орайда айта кететін мәселе, азаматтардың құқықтары мен демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекеттің идеалдарын қорғау және әділетті сот шешімін мықты, тәуелсіз адвокатурдың көмегінсіз қамтамасыз
ету мүмкін емес. Өйткені бұл сала қашанда азаматтардың құндылықтарының жақтаушысы болып келген», деді адвокаттар алқасының төрағасы.
Оның пікірінше, бүгінде адам құқықтары мен адвокаттардың қызметін жетілдіруді толығымен шешкен мемлекет жоққа тән. «Соған қарамастан, бұл жағдай біздің ортақ мақсаттарымызға тежеу болмауы тиіс. Бұл мәселені Қазақстан адвокаттары бүгін ғана көтеріп отырған жоқ. Аталмыш саланың қызметін дамыту бағытында елде осыған дейін қыруар шаралар атқарылды да. Соған қарамастан, бұл бағытта қолға алуды қажет ететін проблемалар әлі де жетерлік», деді К.Қаршегенов.