«Matthew» дауылының салдарынан 2 миллионнан астам адам эвакуацияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төртінші дәрежелі «Matthew» (Мэтью) дауылының салдарынан Куба мен АҚШ-та шамамен 2 млн адам эвакуацияланды.

Жылдамдығы сағатына 230 км құрайтын дауыл Доминикана республикасы мен Гаитиден өтіп, шамамен тоғыз адамның өмірін қиды.

Сәрсенбіге қараған түні ол Кубаның шығыс бөлігіне жетті, деп хабарлады Yahoo News. Ал, демалыс күндері қатты жел мен дауылды толқындардың әсерін америкалық Оңтүстік Каролина штаты сезінетін болады.

Осыған дейін табиғаттың дүлей күшінің салдарынан Кубада жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылған. Telesur хабарлағандай, қауіпті аймақтан шамамен 900 мың адам шығарылды. Эвакуация Гуантанамо, Сантьяго-де-Куба, Ольгин, Гранма және Лас-Тунас провинцияларында жарияланды.

Дауылдың салдарынан алдымен Гуантанамо провинциясы зардап шекті. Баракоа, Маиси және Имиас қалаларында қатты жел болды. Желдің жылдамдығы сағатына 120 километрге жетеді, биік толқындар жағажайларды шайып кетіп жатыр.

Кубада зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге жоқ, деп жазды ақпаарт құралдарына сілтеме жасаған Newsru.