Онда жас көшбасшылар жаңа жобаларды талқылап, тың идеяларымен бөлісіп, білімдерін жетілдіруде. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жастар форумының үшінші маусым қатысушыларымен арнайы кездесті. Ол өз сөзінде партия жұмысындағы өзгерістер мен ондағы жастардың рөлі туралы айтып берді.
Республикалық жастар білім беру лагері үш ауысыммен өтуде. Осыған дейін оған еліміздің әр аймағынан келген 300-ге жуық жас азамат қатысып, білімдерін жетілдірген. Олармен кездесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөліскен спикерлердің қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар және блогерлер бар.
Мәулен Әшімбаев үшінші маусымның ашылуына қатысты. Бұл жолы лагерьге келушілер бизнес-бастамалар тақырыбын талқылады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында екенін айтып, оларға алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол қазіргі әлемдік геосаяси ахуалға назар аударып, осы жолдағы жастардың рөліне тоқталды.
- Қазіргі таңда әлемдік геосаяси жағдай өте күрделі. Күн сайын түрлі үрдістер мен жаңа экономикалық құндылықтар пайда болуда. Осындай кезде ұлтты сақтап, одан әрі даму үшін ұлттық мүддені күшейтіп, экономиканы нығайтып, жаңа технологияларды кеңінен қолдануымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Елбасының саяси және рухани жаңғыру реформаларын жүзеге асыруды белсенді жалғастыруымыз қажет. Себебі, Мемлекет басшысы жариялаған жүйелі жаңғыру бағдарламаларының негізгі мақсаты - ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, әлемдік тәжірибелерден үйрене отырып елдігімізді нығайту. Сондықтан бұл жұмыстарға мемлекеттік органдардан бөлек, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және жастар белсене қатысуы керек, - деді Мәулен Әшімбаев.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл бағытта «Нұр Отанның» қолға алған жұмыстарына көңіл бөліп, жастарға жаңа партиялық жобалар жайында жан-жақты айтып берді.
- Бұл жұмыстарға «Нұр Отан» партиясы да қатысып, қарқынды жұмыс істеуде. Атап айтқанда, партия жаңғыру үрдістерін дәріптеп, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы еліміздің стратегиялық күші болып қалыптасуды көздеп отыр. Осы бағытта біз бюрократиялық жүйеден арылып, жалпылама жұмыстардан нақты, нәтижелі жұмыстарға көштік. Соның нәтижесінде 20-дан астам жаңа партиялық жобаны қолға алып, тиісті жұмыстарды бастап кеттік, - деді Мәулен Әшімбаев.
Өз сөзінде спикер партияның «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыруға үлес қосуға, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар нақты жобаларды қолға алғанына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, партия алдағы үш жылда тегін 1000 ІТ-сынып ашуды жоспарлап отыр. Онда жылына 150 мың бала бағдарламалау, робот техникалары және 3D модельдеу негіздерін меңгеретін болады. Ал болашағын ақпараттық технология саласымен байланыстырғысы келетін азаматтар үшін «Нұр Отан» 20 ІТ-орталық ашып, білікті ІТ-мамандар даярлау ісін бастап кетті. Аталған жобаның түлектеріне тек Қазақстаннан ғана емес, әлемдік ІТ-нарығындағы тапсырыстарды орындау арқылы шетелдік компаниялардан да жұмыс табуға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 100-ден астам ІТ-сынып пен 15 ІТ-орталық ашылды. Мәулен Әшімбаев бұл жұмыстар «Нұр Отан» партиясының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына қосқан нақты үлесі екенін атап өтті.
Ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету үшін партия «English for Jastar» жобасын жүзеге асыруда. Соның аясында алдағы уақытта шетелдік азаматтарды, «Болашақ» бағдарламасының түлектерін және ағылшын тілін еркін меңгерген жасотандықтарды, барлығы 500-ге жуық жас азаматты еліміздің әр өңіріндегі ауыл-аймаққа, соның ішінде шалғайдағы елді мекендерге жіберу жоспарланып отыр.
Бұдан басқа Қазақстанның әр түкпірінде жастар инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа партиялық жобалар да бар. Солардың қатарында отандық кітапханалардың жұмысын жаңғыртып, заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру бастамасын ерекше атап өткен жөн. Осы мәселеге назар аударған Мәулен Әшімбаев еліміздегі кітапханалардың басым бөлігінде материалдық-техникалық база мен қызмет көрсету сапасы ескіргеніне көңіл бөлді. Сондықтан жастардың кітап оқуға деген ынтасын ояту үшін партия дәстүрлі кітапханалар базасында коворкинг-орталықтар ашып, қызықты семинарлар, тренингтер, дәрістер өткізу ісін қолға алды. Осылайша нұротандықтар кітапханалардың тек кітап оқитын орын ғана емес нағыз білім орталығына айналдыруды көздейді.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасы арқылы білім беру мекемелерінде дұрыс тамақтану жүйесін енгізуді қолға алып отыр. Мамандардың дерегіне жүгінсек, бүгінде елімізде шамамен төрт миллион адам артық салмақ қосқандар қатарында екен. Бұл мәселенің түп-тамыры дұрыс тамақтанбауда жатқаны сөзсіз. Осыны ескерген нұротандықтар халықты фастфуд, яғни тез дайындалатын, майлы, тәтті және басқа да денсаулыққа кері әсерін тигізетін тамақтардан бас тартып, олардың орнын жеміс-жидек, көкөніс сияқты тағам түрлерімен алмастыруға шақыруда. Бұл бастамаға ата-аналар мен ұстаздар да үлкен қызығушылық танытып, жоба білім ошақтарында кеңінен жүзеге асырылуда.
«Денсаулық сабағы» және «Спорт инфрақұрылымын жаңғырту» жобалары арқылы партия мектеп оқушыларының саламатты өмір салтын ұстануларына да жағдай жасауды қолға алып отыр. Соның нәтижесінде «Нұр Отан» бизнес қауымдастықпен бірлесіп мектептерде қазіргі заманға сай спорт алаңдарын ашып, бастауыш сынып оқушылары үшін «денсаулық сағатын» енгізбек.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазір ақпарат заманы екенін айтып, осындай кезеңде Елбасы анықтап берген міндеттерді жүзеге асырып, мақсатқа қол жеткізу жолында жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керектігіне тоқталды.
- Біріншіден, әр адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп, дамытып, ізденуі тиіс. Кәсіби, зияткерлік және білім деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлулері керек. Кітап оқуды игі дәстүрге айналдыруы қажет. Бұл ретте оқитын кітаптарды дұрыс таңдау керектігін де ескергеніміз жөн. Екіншіден, сананың ашықтығын қалыптастыруымыз керек. Елбасы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасында осы мәселені көтергені белгілі. Яғни жастар біржақты болмай, кез келген мәселеге қатысты басқа да балама пікірлерді ескеріп, дүниетаным аясын ұдайы кеңейтіп отыруы тиіс. Үшіншіден, жастар алдарына нақты мақсаттар қойып, дұрыс армандай білулері тиіс. Өйткені жастарының арманы асқақ, мақсаты айқын болмаса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан, жастар алдарына стратегиялық мақсаттар қойып, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсауы керек, - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, алдағы уақытта түрлі жобаларды партиямен бірлесіп жүзеге асыру үшін тың идеяларымен бөлісті. Мәулен Әшімбаев барлық ұсынылған жобаларды қарастыратынын айтып, жастарды жаңа партиялық жобаларды жүзеге асыруға және алдағы уақытта елімізде кеңінен енгізу үшін жастар идеялары мен жобаларының тізімін жасауға белсене қатысуға шақырды.