Мәулен Әшімбаев, Бекболат Тілеухан және Ерлан Тұрғымбаев «Барыс» орденін алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бірқатар тұлғаға ІІ және ІІІ дәрежелі Барыс орденін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев марапатталды. Қазақ киносының ардагері, белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев, елге танымал хирург Серік Тоқпанов және танымал жазушы Валерий Михайлов та ІІ дәрежелі Барыс орденін иеленді. Белгілі өнер иесі, көрнекті қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ІІІ дәрежелі Барыс орденімен марапатталды», - деді Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде.

Сонымен бірге, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алу үшін ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, ІІІ дәрежелі Барыс орденін алуға – «BI Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай келді.

Одан бөлек, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталғандар тізімінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, «Ұлттық банктің Банкноттық фабрикасы» РМК бас директоры Б.Әлжанов, мәдениеттанушы К.Абаев, еңбек ардагерлері: М.Байғұт, Ғ.Байназаров, Р.Түсіпбеков, Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Е.Бахмутова, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» ЖШС директоры С.Жошыбаев, «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» ЖҚ атқарушы директоры Қ.Жұмабаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі З.Дүйсенбеков, «Монтажспецстрой» компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Е.Ежиков-Бабаханов, «Қазақстан жазушылар Одағы» РҚБ төрағасы Ұ.Есдәулет, ақын Х.Есенқарақызы, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Есілов, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, «Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы» РМКК әртісі Н.Нүсіпжанов, «С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ профессоры К.Ормантаев, «Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» РММ профессоры Е.Сергебаев, «Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы – ректор Е.Сыдықов, Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Тілеухан, «Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы» РҚБ төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбеков бар.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ел азаматтарына алғыс айтқан еді.

Сондай-ақ, еліміздің ең жоғары атағы – «Қазақстанның еңбек ері» марапаты үш адамға табыс етілді.

«Отан» орденімен еңбек ардагері, көрнекті мелмекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбек пен танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева және көрнекті жазушы Сәбит Досанов марапатталды.

Ал І дәрежелі Барыс орденімен мемлекет және қоғам қайраткерлері – Нұртай Әбіқаев, Дариға Назарбаева, Қуаныш Сұлтанов және белгілі ғалым Тілектес Есболов, «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев марапатталды.