17:56, 26 Қараша 2013
Мәулен Әшімбаев: Келесі жылы дін туралы заңға өзгерістерді енгізу мәселесіне оралу керек болады
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Алдағы жылдың аяғына қарай дін туралы заңға өзгерістерді енгізу мәселесіне оралу керек болады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаты, Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай айтты.
Өткен жылдары «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданғанына тоқталған депутат, «Діни бірлестіктерді реттеуге негізделген заң қабылданған кезде түрлі әңгімелер мен сыни көзқарастар болғанын білеміз. Қазіргі кезде осы заң елдің ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қауіпсіздікті сақтауға тікелей әсерін тигізді»,-деді. Осы орайда ол аталған заңнаманы жүзеге асыру үшін Дін істері жөніндегі агенттігі мен тиісті мемлекеттік органдар және ұйымдар ауқымды жұмыстар атқарғандығын жеткізді. «Бұл заң өзінің керектігін әрі дұрыстығын дәлелдеп берді. Бірақ, уақыт өткен сайын жаңа мәселелер туындайтыны белгілі. Заң - ол қатып қалған дүние емес қой, дегенмен де заңды да күнде өзгертуге болмайды. Сондықтан кеше дін мәселесі бойынша өзіміздің комитетте әріптестерімізбен талқыладық. Қазіргі кезде Үкімет тарапынан осы заңға өзгерістер енгізу керек шығар деген пікірлер бар. Осыған байланысты елдің ішіндегі және сыртындағы үрдістерді ескеріп, жағдайды түсініп, тиісті сараптау жұмыстарын жүргізу қажет. Мүмкін келесі жылдың ортасында немесе аяғына қарай осы заңға тағы да қайтып келу керек болатын шығар»,-деді М. Әшімбаев. Өз сөзінде халық қалаулысы бұл бағытта әлемде болып жатқан үрдістерден сабақ алып, зерделегеннен кейін ғана, заңға өзгерістер енгізу керек екенін атап өтті.