Мәулен Әшімбаев орнықты даму мақсаттарына қатысты пікір білдірді
«Өздеріңізге белгілі, осы аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылды. Комиссияға төрағалық ету міндеті маған жүктелді. Бүгін біз осы Комиссияның алғашқы отырысына жиналып отырмыз. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, басқа да Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Халықаралық ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысып отыр», - деді М. Әшімбаев.
Сенат төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Орнықты даму мақсаттарын 2015 жылы бекіткенін еске салды.
«Қабылданған барлық 17 мақсат бір-бірімен тікелей байланысты. Олар жекелеген елдер мен әлемнің өзекті проблемаларын шешуге арналған. Осы құжатты орындауды әлемнің 200-ге жуық елі өзіне міндеттеме етіп алды. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Соған байланысты осы 7-8 жылдың ішінде елімізде көптеген жұмыс атқарылды. Алайда, осы аралықта бүкіл әлемге зардабы тиген қиындықтар болғаны білгілі. Бұл ретте, ең алдымен, еске пандемия түседі. Одан кейін де түрлі жаһандық шиеленістер толастамай отыр. Мұның бәрі орнықты даму мақсаттарының орындалу қарқыны мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр», - деді ол.
М. Әшімбаевтың сөзінше, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде әлем елдерінің жартысынан көбі аталған мақсаттарға қол жеткізе алмай келеді. Қазақстанның жағдайына келетін болсақ, 2023 жылғы Әлемдік прогресс рейтингінде еліміз 166 мемлекеттің ішінде 66-шы орынға тұрақтады (2021 ж. – 59 орын, 2022 ж. – 65 орын).
«Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен жақсы болғанымен, кейінгі жылдарда төмендеу тіркеліп отырғанын айтуымыз керек. Атап айтқанда, су ресурстарының азаюына және әлеуметтік теңсіздікке қатысты маңызды түйткілдер бар. Басқа салаларда да шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Сондықтан бізге белгіленген орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін тың серпін қажет екені анық. Оларды іске асырудың игілігін ең бірінші Қазақстанның халқы көруге тиіс. Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша арнайы Парламенттік Комиссия құрылып, жұмысын бастады. Алдағы ортақ жұмыстарымыз табысты және нәтижелі болады деп сенемін», - деді Сенат спикері.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 20 маусым күні Сенат пен Мәжіліс депутаттары Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамын бекітті.
Оған сенаторлар қатарынан Мәулен Әшімбаев, Ольга Перепечина, Асқар Шәкіров, Сүйіндік Алдашев, Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Сергей Карплюк, Ақмарал Әлназарова кірді.
Комиссия құрамында Мәжіліс депутаттарынан Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Аян Зейнуллин, Павел Казанцев, Асхат Рақымжанов, Асқар Садықов, Ерлан Стамбеков, Гаухар Танашева және Динара Шүкіжанова бар.
Аталға комиссияның төрағасы болып Сенат спикері Мәулен Әшімбаев сайланды.