Мәулен Әшімбаев: Сенат мемқызметшілерді құқықтық қорғауға қатысты жаңа ұсыныстарды заңнамалық қолдауға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат мемлекеттік қызметшілерді құқықтық қорғауға қатысты жаңа ұсыныстарды заңнамалық қолдауға дайын. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: senate.parlam.kz

«Бізге мемлекеттік қызметшілердің құқықтық қорғалуы жайында ойлануымыз қажет сияқты. Бұл біршама өзіндік тәртібі бар тапсырма. Бірақ, ол жаһандық болмаса да өте өзекті. Өкінішке орай, бұл басқаруымыз жүйеміздегі ең осал тұстың бір. Әр деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер жауапкершілік алғысы келмейді немесе қорқады. Шешім қабылдағысы келмейді. Бұл барлық жерде бар деп айта алмаймыз. Бірақ, осындай үрдісті байқаудамыз. Министрліктер, ведомстводар, басқа да құрылымдарда, әкімдіктерде мемлекеттік қызметшілер әртүрлі деңгейде өздеріне жауапкершілік алудан қорқады. Маңызды шешімді өзге біреуге бере салғысы келіп тұрады. Бір жағынан олардың логикасын да түсуге болатын шығар. Мемлекеттік қызметшілер өзінің қауіпсіздігіне алаңдайтындығын, құқықтық салдарынан қорқатындығын көріп отырмыз», - деді Сенат төрағасы «Ашық үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну және әрекет ету» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Осы орайда Мәулен Әшімбаев жауапкершілікті өзіне алуға дайын бастамашыл басқарушыларсыз ел Президенті бастама жасаған әлеуметтік-экономикалық реформалардың барлық кешенін тиімді іске асыруға қол жеткізе алмайтындығымызды баса айтты.

«Сенат басқа да мүдделі институттармен бірге осы бағыттағы жаңа ұсыныстарға заңнамалық қолдау көрсетуге дайын», - деді Сенат спикері.