Мәулен Әшімбаев халықаралық сыйлықтың қазылар алқасына сайланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұрынғы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Заид атындағы халықаралық адамзат бауырластығы сыйлығының қазылар алқасының құрамына сайланды. Бұл туралы Максим Споткай өзінің Telegram парақшасында хабарлады.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Маулен Әшімбаев қазылар алқасының құрамына (Judging Committee) Мысырдағы Әл-Азһардың Бас имамы Ахмад ат-Тайебтің ұсынысымен енді.

Қазылар алқасы мүшелерінің міндеті — адамзат бауырластығы құндылықтарын өз өмірі мен қызметі арқылы барынша айқын көрсеткен, сондай-ақ әлемдегі адамдар мен қауымдастықтарға үлгі бола алатын тұлғалар мен ұйымдарды анықтау.

Заид атындағы сыйлық 2019 жылы Әл-Азһардың Бас имамы Ахмад ат-Тайеб пен Рим Папасы Францисктің кездесуі нәтижесінде құрылды. Сол кездесуде «Адамзат бауырластығы туралы құжатқа» қол қойылған болатын. Сыйлық Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаушы шейх Заид бин Сұлтан Әл Нахаянның құрметіне аталған.

Сыйлықтың ұйымдастыру комитетінде атап өткендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан диалог орнату және халықтар мен мәдениеттер арасында көпір қалыптастыру үшін беделді халықаралық алаң ретінде танылды.

Сондықтан қазылар алқасының құрамына Қазақстан өкілінің енуі еліміздің түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі мен өзара түсіністігін нығайтуға қосқан үлесін айқындай түседі.

Бұған дейін Сенаттың экс-депутаттары қазір немен айналысып жүргенін жазған едік.