Мәулен Әшімбаев Қытаймен визасыз режим елімізге қалай әсер ететінін айтты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим қандай мүмкіндіктер беретінін айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Жалпы, еліміздің біраз кәсіпкері Қытайға жиі сапарлайды. Шығын және орта, ірі бизнес іскерлік қарым-қатынастарын нығайтып жатыр. Әсіресе, шағын бизнеспен айналысатындар үшін Қытайға сапарлау, серіктестерімен жұмыс істеу, тиісті шарттарды бекіту, жүктерді шығару бағытында жұмыстары жеңілдейді. Осыған дейін Қытаймен арада іскерлік байланыстары бар адамдар осы мәселені жиі көтерген болатын. Енді оларға тиісті жағдай жасалып отыр», - деді М.Әшімбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, елімізде көптеген адам Қытайдағы туыстарына, яғни қандастарымызға, сондай-ақ осы елде оқуда жүрген балаларына барғысы келеді.

«Қытайдаға тарихи жерлерге барғысы келетін туристер де баршылық. Сондықтан біздің азаматтар үшін жағдай жасалып отыр. Енді визаны күтіп жүрмей, ешбір қосымша рұқсат құжаттарсыз көрші елге сапарлай алады. Екі ел арасында бекітілген келісім Қазақстан азаматтарына еш кедергісіз Қытайға баруына мүмкіндік ашады. Қазақстан бекіткен кез келген келісім еліміздің ұлттық мүддесіне сай келеді. Бұл ретте, бизнесті дамытуға және қарапайым адамдарға оң нәтижесі болады деп санаймын», - деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, биыл 10 қарашада Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. 

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет.