«Мәуліт және имандылық» тақырыбына арналған жиында «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан Байырбекұлы Мәуліт айының мән-мағынасы туралы айтып, баяндама жасамақ. Сондай-ақ іс-шара барысында жас ақындардың орындауында хадистер оқылып, Мұхаммед Пайғамбарымыз соңғы өсиеттеріне арналған деректі фильм көрсетіледі.
Мәулiт - араб сөзi, қазақша «туылған күн» деген мағына бередi. Бұл атау Аллаһ тағаланың ең сүйiктi пендесi, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейiнгi Алла тағала елшiлерiнiң соңғысы Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) дүниеге келуiнiң құрметiне орай сол айға осы атау берiлген.
Мұхаммед пайғамбар құрайыш тайпасынан, оның iшiндегi Бани Һашим әулетiнен шыққан. Туылған жерi - Мекке қаласы. Әкесiнiң аты Абдулла, анасының есiмi Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткенi, әкесi перзентi дүниеге келмей тұрғанда дүние салған. Анасынан 6 жасында айрылған. Мұхаммед (с.ғ.с) Исадан (ғ.с) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейiн, сәуiрдің 20-ында, Һижра жыл санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сi күні дүниеге келген.
Барлық мақтау-мадақтау, «Мәуліт оқу» Пайғамбарымыз Мұхаммедке арналған. Қазір мәуліт Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен бүкіл елімізде тойлануда. Мәуліт әуелі мешіттерде оқылады, сонан соң көпшіліктің қатысуымен аудандық, облыстық, республикалық деңгейде атап өтіледі. Қасиетті мәуліт мерекесі бір айға созылады.
Айта кетейік, мұсылмандары 13 пайызды құрайтын Сингапурдің халқы Мәуліт мерекесін бір ай бойы тойлайды. Ал Әл-Фараби бабамыздың зираты жатқан Сирия елінде бұл мереке 3 айға созылады. Олар мәуліт айы басталмай тұрып бір ай және Мәуліт айы біткен соң да тағы бір ай қосып 3 ай бойы мерекелейді.