14:54, 04 Сәуір 2009
Мәуліт мерекесіне арналған жастар арасындағы шығармалар бәйгесінің қорытындысы шығарылды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Мәуліт мерекесіне арналған оқушылар мен студенттердің республикалық шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Алматыдағы «Көкжиек» баспасы бірігіп жылда жастар арасында дінді, дініміздің асыл құндылықтарын насихаттайтын шығармалар жазуда байқау жариялап келе жатыр. Бүгін Мәулітке арналған шығармалар бәйгесін жариялау өз мәресіне жетті. Бәйгеге мыңға жуық шығармалар келіп түскен болатын. Енді мыңнан тұлпар шыққан жүлдегерлерді марапаттайтын кез келді», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Сонымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған, Мұхаммед пайғамбардың өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмырын дәріптейтін республикалық байқауда рухани ізденіс көрсеткені үшін жеңімпаздарға арнайы алғыс хат тапсырылды. Бұл байқауда студенттер арасында Айым Шойбекова бірінші, Бақыт Сабырханұлы екінші, Айгүл Әлжанова үшінші орын алды. Ал оқушылар арасында жүлделі 1-3 орындарды Кәусар Ермек, Дулат Аманжолов пен Айнұр Бояуовалар бөлісті.