Мәуліт мерекесінің тойланып жатқанына мың жылдан асты - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы

АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мәуліт мерекесі мұсылмандары 70 пайызды құрайтын Қазақстанда ғана емес, 10 пайызды құрайтын елдерде де тойланады. Бұл бүгін Алматыда өткен Мәуліт мерекесі кезінде айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәуліт мерекесінің тойланып келе жатқанына мың жылдан асты. Мәуліт жыры мешіттерден басталады. Сәкен Ғылмани атамыздың мұрағаттардан қазақ тілінде жазған мәулітін тауып алдым. Мәуліт мерекесін тойлау қазақ жерінде де есте жоқ сонау ескі замандардан басталады. Бірақ ол кейін белгілі себептермен үзіліп қалды. Қазір біз оны жалғастырып жатырмыз. Бірақ ол араб тіліндегі түпнұсқасы бойынша оқылады. Мүмкін бірте-бірте жайлап-жайлап ана тілімізде де өткізе бастайтын шығармыз деп отырмыз», дейді Бас мүфти Әбсатар қажы Дербісәлі. Қазақстан мұсылманды діни басқармасы төрағасының айтуынша, мұсылмандары 13 пайызды құрайтын Сингапурдің мұсылман қауымы Мәуліт мерекесін бір ай бойы тойлайды. Ал Әл-Фараби бабамыздың зираты жатқан Сирия елінде ол 3 ай бойы тойланады. Олар мәуліт ай басталмай тұрып бір ай және Мәуліт айы біткен соң да тағы бір ай қосып 3 ай бойы мерекелейді.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 26 ұлттан тұратын мұсылмандар бар екен. Қазақстан - бірлік елі, ынтымақ елі. Біз бір ниеттегі бір жолдағы, бір мақсаттағы елміз. Қазақстан келешегі зор мемлекет», дейді шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі.