Маунтинбайктан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын үш медальмен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Ташкентте (Өзбекстан) өткен маунтинбайктан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Ел қоржынына күміс жүлдені ХСО дисциплинасында Денис Сергиенко салса, Юлия Ли ХСО және ХСС бағдарламаларында екі қола медаль иеленді. Бұл туралы ҰОК мәлім етті.

Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Дымовских Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жарыс қорытындысына оң баға бергенімен, команданың бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі болғанын айтты.

Оның айтуынша, Азия чемпионаты ұлттық құраманың басты мақсаты – Азия ойындарына дайындық аясындағы маңызды кезең болды. Жарыс барысында негізгі қарсыластар саналатын Қытай мен Жапония құрамаларының әлеуетіне ерекше назар аударылған.

Бапкер эстафеталық жарыста техникалық ақау команданың нәтижесіне әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, жарыс кезінде жас спортшылардың бірінің велосипеді істен шығып, Қазақстан құрамасы төртінші орынмен шектелген. Егер мұндай жағдай болмағанда, команда алтын немесе күміс жүлдеге таласа алар еді.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасы өзге санаттарда да жүлдеге жақын болды. Эстафетада, шорт-тректе және 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстарда қазақстандық спортшылар төртінші орын алды.

Александр Дымовских алдағы жоспарларға тоқталып, шілде айының ортасында ұлттық құрама Қостанайда өтетін Қазақстан чемпионатына қатысатынын айтты. Одан кейін команда Азия ойындарына дайындықтың негізгі кезеңіне көшеді. Жоспарға сәйкес, спортшылар Қытай мен Малайзиядағы Азия сериясының халықаралық жарыстарына қатысып, Азия ойындарының алдында соңғы оқу-жаттығу жиынын Жапонияда өткізеді.

Азия ойындарында Қазақстан құрамасы тек кросс-кантри олимпик (ХСО) бағдарламасында бақ сынайды. Алдын ала жасақталған құрамға Денис Сергиенко, Евгений Федоров, Никита Галкин, Татьяна Генелева, Юлия Ли және Виолетта Казакова енгізілді.

Еске сала кетейік, Азия чемпионаты 23-27 маусым аралығында өтті.