Маусым айында ауа райы қандай болады — Қазгидромет болжамы

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 2025 жылдың маусым айына арналған Қазақстан бойынша консультативтік ауа райы болжамын жария етті.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Маусым — жаздың алғашқы айы. Биыл бұл айда ауа райы құбылмалы болады деп күтіліп отыр. Елдің әр аймағында ыстық пен салқын күндер алма-кезек ауысып, найзағай, жаңбыр, бұршақ, қатты жел, кей күндері шаңды дауыл болуы мүмкін.

Бірінші онкүндік

Жоғары температуралық фонның әсерінен бүкіл республика бойынша найзағайлы, өткінші жаңбыр жиі жауады.

  • Кей күндері салқын Атлантикалық ауа массалары келіп, ауа температурасы төмендейді:

— Батыс өңірлерде түнде 17… 22°C-тан 7… 12°C-қа дейін, күндіз 27… 32°C-тан 20… 25°C-қа дейін төмендейді.

— Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау облыстарында түнде 18… 28°C-тан 12… 23°C-қа дейін, күндіз 30… 38°C-тан 20… 30°C-қа дейін төмендейді. Бірақ онкүндіктің соңында қайта 25… 32°C-қа дейін жылынады.

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлер

  • Солтүстік пен орталықта бірінші онкүндіктің ортасында ыстық бәсеңдейді:

— Түнде 10… 15°C, кей жерлерде 7°C-қа дейін;

— Күндіз 25… 30°C-тан 18… 25°C-қа дейін төмендейді.

— Шығыста түнде 10… 15°C, оңтүстігінде 20°C, күндіз 22… 30°C, кей жерлерде 35°C-қа дейін жылы болады.

— Екінші онкүндіктің басында аздаған салқындау байқалады.

Оңтүстік пен оңтүстік-шығыс

  • Оңтүстікте және Жамбыл облысында тіпті түнде де ыстық күтіледі:

— Түнгі температура 20… 28°C;

— Күндіз 35… 43°C дейін көтеріледі;

— Онкүндіктің соңына қарай сәл салқындайды — 28… 33°C.

  • Алматы мен Жетісу облыстарында ауа біртіндеп жылынады:

— Түнде 10… 20°C;

— Күндіз 20… 35°C;

— Таулы аймақтарда түнде 2… 12°C, күндіз 10… 30°C.

Екінші және үшінші онкүндік

  • Батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыста ең ыстық күндері температура 33… 40°C, кей жерлерде 43°C-қа дейін жетеді.

  • Салқын күндері 22… 27°C шамасында.

  • Солтүстік, орталық және шығыста ауа температурасы түнде 15… 23°C-тан 2… 10°C-қа дейін, ал күндіз 25… 38°C-тан 15… 27°C-қа дейін ауытқиды.

Бұған дейін Қазгидромет ауа райына байланысты бірқатар өңірде ескерту жариялады.