Маусымнан бері Жайықтан бөлініп қалған су айдындарынан 121 млн шабақ құтқарылған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Маусым айынан бері Жайық өзенінен бөлініп қалған су айдындарынан балық шабағын құтқару жалғасып жатыр. Осы кезге дейін 121 млн шабақ құтқарылған. 

Фото: Балық шаруашылығы комитеті

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, кеше, 8 қазанда Атырау облысындағы Соколок каналынан балық шабағын құтқару жүргізілген. Оған Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, «Сағиева» шаруа қожалығы мен «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС қызметкерлері қатысқан.

«Жүргізілген жұмыстың нәтжесінде 1 млн 550 мың дана балық шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне тірі күйінде жіберілді. Балық шабақтарын құтқару жұмыстарына 15 адам, 2 жеңіл, 1 КамАЗ жүк көлігі тартылды. Биылғы маусым айынан бері бөлініп қалған су айдындарынан 121 млн 165 мың 595 дана балық шабағы құтқарылды. Оның ішінде Атырау облысында 94 млн 915 мың 595, Батыс Қазақстан облысында 26 млн 250 мың дана балық шабағы табиғи су айдынына жіберілді», - деп хабарлады балық шаруашылығы комитетінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында маусым айынан бері 89,4 млн балық шабағы құтқарылғанын хабарлаған болатынбыз.