Маусым айының 24-нен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамытуға араналған «Бір болайық», «Вместе» атты телебағдарлама жарыққа шығады

None
ЛМАТЫ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Хабар» телеарнасы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамытуға араналған «Бір болайық», «Вместе» атты телебағдарламалар топтамасын жарыққа шығармақ.

Бұл жайында бүгін «Даму» қорының Басқарма төрағасы Болат Мұқышев арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Б.Мұқышевтың айтуынша, тележобаның мақсаты мүгедектер арасында кәсіпкерліктің табысты тәжірибесін көрсетіп, қиындықтан қорықпайтын, бірақ қолдауды қажет ететін жандарға көмектесу және олардың өз ісін құруда заңгерлік және материалдық көмек көрсету болып табылады.

«Біз осы адамдарға қолдау көрсеткіміз келеді, олар өздерін бизнесте жүзеге асыру, қоғамға шынайы пайда әкеле отырып, өздерін сол қоғамға қажет екендіктерін сезіну үшін жағдай жасағымыз келеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар өз жолын өздері тауып, қиындық-кедергілерді еңсеруде жападан жалғыз қалмауы керек», дейді Басқарма төрағасы.

«Бір болайық», «Вместе» телебағдарламасының кейіпкерлері - мүмкіндіктерінің шектелгеніне қарамай белсенді өмір сүруге және іспен шұғылданып табыс табуға ұмтылып отырған жандар болмақ.

«Біз мүгедек жандардың мәселелері жөнінде айтқымыз келмейді, олар сол қиындықтарды қалай жеңіп жатқанын көрсеткіміз келеді», деп атап өтті өз сөзінде тележобаның бас продюсері Әлия Увалжанова.

Қазақ және орыс тіліндегі 20 минуттық телебағдарлама аптасына екі рет «Хабар» телеарнасы арқылы бүкіл Республикаға таратылатын болады.