Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін «Алматы» ӘКК тауарлық-бағалық интервенция жасауға дайын

АЛМАТЫ. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Алматы» ӘКК әлеуметтік маңызы зор көкөніс түрлерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақты ұстау үшін өнімдерді қоймаларға жинақтау жұмысын бастады.

Бағаны тұрақтандыру бағдарламасының тұжырымдамасына сәйкес, сақтауға қойылған өнімдер қалада көкөніс бағасы негізсіз, күрт өсіп кеткен жағдайда төмен бағамен саудаға шығарылмақ. Бұл әдіс тауарлық-бағалық интервенция деген атпен белгілі. Арзан көкөніс Корпорацияның өз сауда жүйесі арқылы да келісім бойынша қаладағы ең танымал сауда желілері арқылы да сатылымға шығарылатын болады.

Бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру үшін «Алматы» ӘКК жыл басында Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен құны 1,8 млрд.теңге болатын 26 мың тоннадан астам көкөніс өнімдерін жеткізу туралы келісімдерге қол қойған. Негізінен бұл картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат сынды тұрғындар ең жиі тұтынатын өнім түрлері. Келісімшарттар негізінен фьючерстік әдіспен жасалған, яғни Корпорация көктемде алдын-ала төлем жасап, өнім өндіруші көкөністі күзде жеткізіп беретін болып уағдаласты. Келісімшарттар бойынша көкөніс құны қазіргі қаладағы орташа бағалардан елеулі төмен. Қазір егін-терім уақыты екенін және көкөніс бағасы өзінің ең төменгі шегіне жеткенін ескерсек, тұрақтандыру қорына жинақталған көкөніс құны басқа шығындарды ескергеннің өзінде маусымаралық кезеңде бәсекеге қабілетті болады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта тауар өндірушілер өз міндеттерін орындауға кірісті және өсірген өнімдерін Корпорация көрсеткен қоймаларға жеткізуді бастады. Көкөніс «Алматы» ӘКК келісім-шарт жасаған, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған қоймаларға жеткізілуде. Биылғы маусымда Корпорация қала маңында орналасқан 8 көкөніс қоймасымен тауарды жауапты сақтау туралы келісім жасады. Келесі жылы «Алматы» ӘКК құрылысына үлескер ретінде қатысып отырған, сыйымдылығы 36 мың тонналық «Гега» атты логистикалық орталық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.