АСТАНА. ҚазАқпарат – Майами турнирінің финалына шыққан қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина жартылай финалдық матчынан кейін осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші мұндай нәтижені күтпегендігін жеткізді.
«Мен шынында да қуаныштымын. Осылай болады деп күткен жоқпын. Мен турнирге келген кезде бәрі, әсіресе, алғашқы ойындарда қиын болды. Сондықтан финалға шығамын деп ойламап едім. Мен шынында да бақыттымын және өзіммен мақтана аламын. Мені қолдаған жанкүйерлерімнің барлығына алғысымды айтамын», деді Е.Рыбакина.
Финалда қазақстандық теннисші чехиялық Петра Квитова немесе румыниялық Сорана Кырстяның біреуімен ойнайды.
Майами WTA 1000 жарысының соңғы бәсекесі 2 сәуір, жексенбі күні өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майамиде жартылай финалда бірінші сәтте қарсыласынан басым түскенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Майамиде әлемнің үшінші ракеткасын жеңіп, финалға шықты.
Елена Рыбакина тай-брейк пен эйс жөнінен бірегей нәтижеге қол жеткізді.
Елена Рыбакина тапқан табысы жөнінен әлемде көш басына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).