Майдандық журналистика - қазақ журналистикасының алтын парағы - Сағымбай Қозыбаев

АЛМАТЫ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Майдандық журналистика - қазақ журналистикасының алтын парағы. Бұл туралы бүгін Алматыда Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған «Қазақ майдандық журналистикасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қазақ тілінде жазылған майдандық газеттер 1942 жылдың қараша айынан бастап шыға бастаған. «Қазақ тілінде 20-ға жуық майдандық, армиялық және дивизиялық газеттермен қоса, жүздеген жауынгерлік парақшалар шығып тұрды. Материалдар жауынгерге жететіндей тілмен, ашық, қызықты жазылып, нақты бағытталғандығымен ерекше болды. Ол кездегі майдандық басылымдар жауынгерлердің бойындағы жауға деген жеккөрушілік қасиет пен оларды жеңіп шығуға деген құлшынысын арттырды, өз Отанын шексіз сүюге тәрбиеледі. Елімізден соғыста 70-ке жуық журналистер қызмет жасады», деді Сағымбай Қозыбаев. Оның айтуынша, дәл осы басылымдардан әскери қазақ публицистикасы шығып, кейіннен қатайған.

«Сол кезеңдегі публицистиканың жарқын көрінісін Баубек Бұлқышевтың шығармашылығынан көруге болады. Бүгінде оның шығармалары публицистикада лайықты орын алды. Баубек - өткен соғыстың символы. Баубек Бұлқышевпен қатар, майдандық журналистикаға Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Қалижан Бекхожин сынды жазушылар ұмытылмайтындай із қалдырды", деп атап өтті Сағымбай Қозыбаев.

«Өкінішке орай, біздің арамызда сол шоғырдың ішінен бүгінге жеткен үш майдангер қаламгер ғана қалды. Олар - Әзілхан Нұршайықов, Бисен Жұмағалиев, Төлеутай Ақшолақов», деп қосты өз сөзіне С. Қозыбаев.

Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО-дағы халықтары тілінде жалпы саны 110 майдандық газет шыққан. Ал, Орта Азия мен Қазақстанда 42 газет және жеті журнал басылып тұрған. Барлығы 4 500 майдангер журналистер жұмыс істеген, оның 200-і Орта Азия республикаларынан барған. Олардың алдында совет жауынгерлерінің ерлігін көрсету, соғыс оқиғаларын жедел түрде тарату, хабарлап жеткізу міндеттері қойылған.

Конференция жұмысында Сағымбай Қозыбаевтың «Соғыс шарпыған.Қазақ мвайдандық баспасөзі» атты қазақ және орыс тілінде жарық көрген тарихи публицистикалық еңбегі оқырман қауымға ұсынылды. Онда майдандық журналистиканың белгісіз беттері туралы зерттеулер жазылған және мұрағаттық фотоқұжаттар ұсынылған.