Ол Беларусь жерінде соғысып, партизан болған. Жарыққа шығып отырған «Майдангер партизан» атты кітап осы Рахметолла Егізбаевтың ерлік жолдарын баяндайды. Аталған кітаптың таныстырылымы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтті.
Осы кешті жүргізген ақын Ауыт Мұқибек Отан қорғаушы күні қарсаңында өтіп отырған шараның мәні жайлы тоқтала келіп, жас ұрпақты тәрбиелеуде мұндай кітаптың маңызы зор екенін айтты. Кітап авторы журналист Баян Мұхамбетәлиев туындының қалай жазылғаны жөнінде әңгімелеп берді. Ертеде жау шапқан кезде қалаларды қиратып, халықты қыратыны белгілі. Сонымен бірге әуелі кітапханаларын өртеп жіберетін болған. Өйткені кітап - адам санасын қалыптастыратын, ар-намысын шыңдайтын, ұлттың құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын қазына. «Сондықтан да кітаптан нәр алған адам ешқашан да құл болмайды, рухы жығылмайды»,- деді журналист Б. Мұхамбетәлиев.
Жалпы, партизандар туралы жазылған Қасым Қайсеновтың, Әди Шәріповтың туындылары қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Дегенмен бұл тақырыптағы шығармалар әлі аз екен. Жаңа кітап сол салаға үлес қосып отырғанын айта кеткен жөн.
Кітап авторы осы туындысын жазу барысында арнайы сапармен Беларусь Республикасына барып, Ұлттық мұрағатында болып, Р.Егізбаев туралы деректерді іздеп, сарғайған құжаттардың қыр-сырына үңілген. «Рахметолла аға туралы жазылған құжаттарды қолыма алғанда, мен ол кісімен тілдескендей болдым»,- деді өз сөзінде Б. Мұхамбетәлиев.
Автордың айтуынша, Беларусь елінің 100 пайызы жау табанының астында қалған, сол себепті қасіретті көп шеккен тұрғындар «соғысты ұмытқан күні соғыс басталуы мүмкін» деген сөзді жиі айтады екен.
Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов автордың бұл кітабы бүгінгі ұрпақтың Ұлы Отан соғысында от кешкен әкелерге көрсеткен құрметі екенін айтты. Батыс Қазақстан облысынан 76 мыңнан астам адам соғысқа аттанған, соның 36 мыңы ұрыс алаңында қаза тапқан. «Рахметолла Егізбаев елге оралып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру жолында еңбек етті. Отбасын құрып, зайыбы екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Оның өмірі жастарға үлгі. Бұл кітапты қарапайым қазақ патриотының өмір жолы деп айтуға да болады. Өйткені Рахметолла аға - соғыста да, еңбекте де ел үшін аянбаған нағыз патриот»,- деді Шавхат Өтемісов.
Келесі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, әскери журналист Сәдуақас Жұбатов, ҚазАқпарат редакторы, журналист Сайлау Абылаев сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді. Рахметолла Егізбаевтың немересі Қадірбек Беларусь еліне барып келген сапары жөнінде айтып өтті. Сондай-ақ аталған кітапхананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаева жаңа туынды кітапхана қорына алынатынын мәлімдеді. Мектеп оқушылары Отан, Ұлы Жеңіс туралы өлеңдер оқыды.
Белгілі әнші Жанат Шыбықбаев осы кеште Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» әнін шырқады.