Майкл Джексон туралы жаңа фильм оның өмiрiнің белгісіз қырларын ашады

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Майкл Джексон туралы жаңа деректі фильм әлемдік прокатқа шығады, деп хабарлады bnews.kz сайты.

«Майкл Джексон: Поп-иконаның өмірі» фильмінің авторы Дэвид Гест поп-музыка королі өмірінің көптеген жаңа қырларын ашуға уәде беріп отыр.

«Бұл фильмнің басқалардан ерекшелігі сонда, мұндағы ақпараттың 90 пайызын сіздер бұған дейін ешқашан естіген жоқсыздар», - деп мәлiмдедi Дэвид Гест британдық БАҚ-қа берген сұхбатында.

«Бір күні мен таңертең ұйқыдан ояна сала, Майкл Джексонның өмірі туралы фильм түсіремін дедім, өйткені мен ол туралы жазылған түкке тұрғысыз мақалалардың бәрінен шаршаған едім», - деп түсіндірді картина авторы.

ИТАР-ТАСС хабарлағандай, фильм әншінің анасы Кэтриннің, ағасы Титоның, қарындасы Рэббидің, оның әріптестері - америкалық танымал музыка жұлдыздары Смоки Робинсонның, Дайон Уорвиктің, Уитни Хьюстонның, сондай-ақ Джексонның ұзақ уақыт досы болған Гестің естеліктеріне негізделген.