Майкл Джексонның биiн орындаған 8 жасар бала YouTube жұлдызына айналды

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Майкл Джексонның биiн орындаған 8 жасар үндiстандық бала YouTube жұлдызына айналды.

Болливуд өз таланттарынан ешқашан кенде болмаған. Жақында жергiлiктi Got Talent телешоуы кезiнде поп-музыка королi марқұм Майкл Джексонның биiн орындап берген 8 жасар Акшат Сингх бүкiл дүние жүзiне танымал болып кеттi. Жас жеткiншек интернет-сенсацияға айналды. Өзiнiң толықтығына қарамастан, Акшат Сингх құрдастары түгiлi үлкендердiң қолынан келмейтiн акробатиканың керемет деңгейiн көрсеттi. Би кезiнде ол шпагатқа отырып, екi қолында да тұрды және өте жақсы сахналық шоу жасап жiбердi.

Сингх сахнаға шықпай тұрғанда қазылардың iшi пысып отырғандығы байқалады, бiрақ кейiн жас бишi шыққанда оның өнерiне тәнтi болған олар шексiз шаттыққа бөлендi. Қазылар орындарынан тұрып, оның әрбiр қимылына қол шапалақтауды тоқтатқан жоқ. Бишiнiң бейнеролигi 500 мың рет қаралды.