Майкрософт компаниясының бағдарламаларын заңсыз шығарып келген цех анықталды

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Майкрософт компаниясының бағдарламаларын заңсыз шығаратын цех анықталды.

ҚР ІІМ  Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораздың атап өтуінше, ағымдағы жылғы 26-30 наурыз аралығында республика аумағында авторлық және сабақтас құқықтарды бұзумен байланысты қылмыстардың алдын алуға және ашуға, контрафактілік өнімдерді әкелу арналарының жолын кесуге бағытталған «Контрафакт» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Осы ретте Ақмола облыстық ІІД криминалдық полиция қызметкерлері 26 наурыз күні Степногорск қаласында Майкрософт компаниясының  бухгалтерлік бағдарламасын және бағдарламалық қамтамасыз етуді заңсыз таралымға шығарып жатқан цехті анықтады. Іс-шара өткізудің нәтижесінде серіктестіктің 30 жастағы директоры, 20 жастағы менеджері және инженер-жүйетехнигі ұсталды.

«Ұйымдастыру техникасы, жабдықтар және жалпы сомасы  2,5 миллион теңгені құрайтын контрафактілік өнімдер, көлеңкелі бухгалтерия тәркіленді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 184 бабы 2 бөлігі және  227 бабының 3 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде»,-  деді ресми өкіл.