Майкрософт Корпорациясының өкілдері Зияткерлік меншікті интернет шеңберінде қорғау сессиясына қатысады - АЭФ

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 24 мамырда VI Астана экономикалық форумы шеңберінде «Зияткерлік меншікті Интернет жүйесінде қорғау: күрделі мәселелер мен келешегі» тақырыбы бойынша панельдік сессиясы өткізіледі.

Шараға Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының, Еуразиялық экономикалық комиссиясының, Орталық және Шығыс Еуропаның авторлық құқық одағының (CEECA), Майкрософт Корпорациясының Еуропалық бөлімінің, Қытай Халық Республикасының мемлекеттік зияткерлік меншік ведомствосының (SIPO) өкілдері, ТМД елдерінің мемлекеттік органдары мен патенттік ведомстволарының басшылары, сондай-ақ авторлар мен құқық иелері қатысады. Бұл туралы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Сессия барысында зияткерлік меншік және IT-технологиялар саласы бойынша халықаралық сарапшылар баяндама жасайды. Атап айтқанда, «Интернет технологиялары дәуірінде авторлық құқықтың келешегі мен мәселелері» тақырыбында Орталық және Шығыс Еуропаның авторлық құқық одағының (CEECA) төрағасы Михали Фишердің баяндамасы күтілуде.

«Панельдік сессияның мақсаты халықаралық сарапшылар деңгейінде Интернет саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және осы саладағы қылмыстарға қарсы күрес жөнінде ұсыныстар жасау. Жиын нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашевтің, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Ауыспалы экономикалы елдер және дамыған мемлекеттер жөніндегі департаменті Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа бөлім басшысының міндетін атқарушысы Сәуле Тілеулесованың, Орталық және Шығыс Еуропаның авторлық құқық одағының (CEECA) төрағасы Михали Фишердің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді деп жоспарланған», делінген баспасөз баянында.