Майлы дақылдардың рекордтық өнімі жиналады — АШМ болжамы

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 5 млн тоннадан астам майлы дақыл жиналады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.

Фото: Kazinform

— Майлы дақылдарды жинау қарқыны артып келеді. 2,4 млн гектар алқап жиналып, 2,4 млн тонна майлы дақылдар бастырылды. Егін жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдардың рекордтық өнімі — 5 млн тоннадан астам жиналады деп болжанады. Сондай-ақ 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылдары және 2,5 млн тонна картоп жиналды, — деді ол.

Вице-министр дерегінше, биыл егіс алаңы 173,5 мың гектарды құраған мақтаны жинау жұмыстары жалғасып жатыр. 

— Бүгінгі таңда орташа өнімділік гектарына 32 центнерді құрап, 70,5 мың тонна шитті мақта жиналды. Мақта шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатыр. Соңғы екі жылда тамшылатып суару қолданылатын мақта алаңы 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және дақылдың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Азат Сұлтанов.

Айта кетейік, отырыста күзгі жиын-терім барысы қаралып жатыр.