«Маймақ» стансасында Қазақстаннан 68 тонна ұн мен кебек әкеле жатқан қырғыз азаматтары ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстандық азаматтар «Маймақ» стансасында Қазақстаннан алып шыққан 68 тонна ұн және кебекпен ұсталды. Бұл туралы КирТАГ Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің қоғаммен байланыс және БАҚ бөліміне сілтеме жасап хабарлады.

Қырғызстан азаматтары тауарлы вагонда Қазақстаннан Қырғызстанға «Маймақ» стансасына ұн мен кебек тасымалдаған.

Талас шекара жасағы Қырғызстан азаматтарын тауарлы вагоннан ұн мен кебекті түсіріп жатқан жерінен ұстады. «Маймақ» стансасы өткізу бекеті болмағандықтан, мұнда өзге елден енгізілген тауарды түсіруге тыйым салынған.

Сонымен қатар, жүк иесі мен қасындағы тұлғаларда жүкті енгізуге рұқсат беретін құжаттар болмады.

Заңсыз енгізілген жүктің жалпы құны шамамен 1 млн сомды құрады.