Майшам, азық-түлік, ауызсу: Қыста жолға шыққанда көлікте қандай заттар болу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажыкенов қыста жолға шыққанда көлікте қандай заттар болу керегін түсіндірді.
- Қыста жолға шықпай тұрып көліктің техникалық тұрғыда жарамдылығын тексеру керек. Майын ауыстыру сияқты шаралардың бәрін кез келген жүргізуші білуі керек. Одан кейін мәшинеде міндетті түрде майшам және басқа да жылыту құралдары болу қажет. Тұрмыстық жағдайда қолданылатын кез келген жылыту құралы жарамды. Бірінші кезекте азық-түлік пен ауызсу болғаны дұрыс, - деді Дидар Қажыкенов.
ТЖМ маманы жолға шықпай тұрып, ауа райы туралы ресми мәліметтерді есепке алудың маңызы зор екенін ескертті.
- «112» нөмірінен келетін SMS хабарламалар бар. Оларды ескерусіз қалдыруға болмайды. «Дәрмен» қосымшасы бар. Осы қосымша арқылы «ҚазАвтоЖолдың» ресми сайтына кіріп, қай жолдың ашық немесе жабық екенін көруге болады. Ал жолға шығып кеткен болсаңыз, жол бойындағы жылыту пункттеріне жүгінген дұрыс. Сол орындарда ауа райының жақсарғанын күту керек, - деді ол.
Айта кету керек, кейінгі 5 күнде ТЖМ өкілдері жолда қалған 199 адамды құтқарып, 270 адамды жылыту бекетіне апарған.