Мәйіт сату: судья Гарвард медициналық мектебіне қарсы талапты қанағаттандырудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбіде Массачусетс штатының судьясы Гарвардты жақындарының мәйіттеріне дұрыс қарамады деп айыптаған отбасылардың талабын орындаудан бас тартты. Адам мәйіттері медицина мектебіне сыйға тартылып, кейін мәйітхананың бұрынғы меңгерушісі оларды қара базарда сатып жіберген, деп хабарлайды Reuters.
Отбасы заңгерлері Гарвард университетін селқостық таныды деп айыптап, мәйітхананың бұрынғы меңгерушісі Седрик Лодждың әрекеттеріне ұзақ жылдар бойы көз жұма қарағаны үшін оны жауапқа тартуды көздеді.
«Талапкерлердің айтуынша, Гарвард медициналық мектебінің мәйітханасын қадағалауға немқұрайлылық танытып, соны пайдаланған Лодж ұзақ жылдар бойы дене бөліктерін ұрлау мүмкіндігіне ие болса да, бұл жағдайда Гарвардтың жауапкершіліктен құтылуы әділетсіз болып көрінуі мүмкін», - деп жазды судья.
Оның айтуынша, Гарвард адам денесін зерттеу және білім беру үшін оны сыйға тартуды реттейтін Адам органдарын трансплантациялау үшін сыйға тарту туралы бірыңғай заңды (Uniform Anatomical Gift Act) адал орындауға ұмтылған кезде оның жауапкершілікке тартылмау иммунитеті бар.
Сотқа арыз маусым айында федералды прокурорлар Лоджға және тағы бес адамға айып таққан соң түсірілді. Оларға Гарвард медициналық мектебі мен Арканзастағы мәйітханадан ұрланған адам сүйектерін сатып алып, сатты деген айып тағылып отыр.
Прокурорлардың айтуынша, 2018-2022 жылдары Лодж әлеуетті сатып алушыларға мәйіттерді көру және сатып алғысы келген бөліктерді таңдау үшін мектеп мәйітханасына баруға рұқсат берген.
Прокурорлар сонымен қатар Лодж мәйіттерден ұрланған ағзаларды өз үйіне жеткізіп, әйелі екеуі басқаларға сатқанын айтты. Алайда олар ұрланған ағзаларды мемлекетаралық тасымалдау және сөз байласу бойынша кінәсін мойындамады және 5 тамызда сот алдында жауап береді.