Майя Бекбаева Мұхтар Әуезов туралы фильмі үшін ТҮРКСОЙ медалімен марапатталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Белгілі қазақстандық журналист, продюсер және жүзден астам деректі фильмнің авторы Майя Бекбаева ТҮРКСОЙ алтын медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы журналист өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Бүгін ТҮРКСОЙ (TURKSOY) Бас хатшысы Сұлтан Раев маған Мұхтар Әуезов туралы «Живая мишень» деректі фильміндегі жұмысым үшін ұйымның алтын медалін табыс етті. TURKSOY бұл фильмді Түркі әлемі елдерінде, соның ішінде түркиялық TRT Avaz эфирінде көрсетуді жоспарлап отыр. TURKSOY – түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы деп аталатын халықаралық ұйым. Оның басты мақсаты – түркі халықтарының рухани жақындасуы мен бауырластық бірлігін нығайтуға жәрдемдесу. Жоғары баға бергеніңіз үшін рахмет! Көп рахмет!»- деп жазды Майя Бекбаева.

Айта кетейік, 28 қыркүйекте Jibek Joly арнасынан Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған фильм көрсетілген еді. Майя Бекбаева фильмнің сценарийін жазу барысында мұрағат құжаттарымен жұмыс істегенін айтады. Түсірілім екі қалада өтіп, екі аптаға созылған.

«Наша история» - көрнекті қазақстандық қайраткерлердің өмірі туралы баяндайтын тарихи жоба. Жыл соңына дейін Ахмет Байтұрсынов, Роза Бағланова, Мәншүк Мәметова сияқты қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірі баяндалады, олардың мерейтойлары 2022 және 2023 жылдарға келеді.