Майя Санду Молдова премьер-министрінің міндетін атқарушыны тағайындады

АСТАНА. KAZINFORM – Молдова президенті Майя Санду Еуджениу Осмокескуді премьер-министр міндетін атқарушы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды МОЛДПРЕС .

Фото: moldpres.md

8 шілдеден бастап вице-премьер әрі экономикалық даму және цифрландыру министрі қызметін атқарып келген Еуджениу Осмокеску жаңа үкімет құрамы жасақталғанға дейін министрлер кабинетіне уақытша жетекшілік етеді.

Аталған шешім Молдова Республикасының Конституциясы мен Үкімет туралы заңына сәйкес қабылданған.

Осмокеску премьер-министр Александру Мунтяну отставкаға кететінін мәлімдегеннен кейін өтпелі кезеңде үкіметті басқарады.

Осы аптада Майя Санду премьер-министр лауазымына кандидат ұсыну үшін парламенттік фракциялармен консультация өткізеді. Бұдан кейін кандидат парламентке үкіметтің жұмыс бағдарламасы мен жаңа министрлер кабинетінің құрамын ұсынып, сенім вотумын алуы қажет.

Бұған дейін Социалистер партиясы мен «Ұлттық балама қозғалысы» партиясы консультацияларға қатыспайтынын мәлімдеген.

Айта кетейік, өткен аптаның соңында Александру Мунтяну сегіз ай қызмет атқарғаннан кейін премьер-министр лауазымынан кететінін жариялады.

Молдова Конституциясына сәйкес, премьер-министр отставкаға кеткен жағдайда бүкіл үкімет те өкілеттігін тоқтатады. Жаңа министрлер кабинеті ант бергенге дейін атқарушы билік ағымдағы міндеттерді орындауды жалғастырады.