Мажарстан алғаш рет америкалық ядролық отынды қолданбақ

Фото: Pexels

Будапешт пен Вашингтон атом энергетикасы саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға ниетті, оған сәйкес Венгрия АҚШ-тан ядролық отын және пайдаланылған ядролық отынды сақтау технологияларын сатып алады, деп жазды Report агенттігі.

Бұл туралы Мажарстанның Сыртқы істер министрі Петер Сийярто мәлімдеген.

— Мен өз әріптесім, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен атом энергетикасы саласындағы маңызды үкіметаралық ынтымақтастық келісіміне қол қоямыз, — деді министр.

Оның сөзінше, Мажарстан энергетика саласында алғаш рет америкалық ядролық отынды сатып алады.

Келісім сонымен қатар Мажарстанға АҚШ технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Бұл технологиялар Пакш атом электр станциясында пайдаланылған ядролық отынды қауіпсіз сақтау мен шағын модульдік реакторларды салуды қамтамасыз етеді.

Келісім 7 қарашадан кейін Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан мен АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтондағы кездесуі кезінде қол қойылады деп күтіледі.

Айта кетейік, Мажарстан паспорты әлемдегі ең мықты 7 құжаттың қатарына кірді.