«Біз қазақтарды туысымыз деп қабылдаймыз. Мәселен, шілде айында ғана Астана мен Будапешттің арасында тікелей әуе рейсі ашылған болатын. Мен қазір әуе қызметінің менеджменті арқылы жаңадан іске қосылған рейстердің ішінде Астана - Будапешт әуе рейсі ең сәтті екенін біліп отырмын. Қазан айында ғана рейс толымдылығы 94 пайызды құраған. Мажарлықтардың басым көпшілігі өзінің түп тамырын білу үшін осында келеді», - дейді Елші ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, елші өз сөзінде осы жылдың қыркүйек айында Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы аясындағы Қазақстанның төрағалық етуімен өткен түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесін еске алды. Түркі тілдес елдердің Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі барысында Мажарстанның Халықаралық Түркі академиясы толық құқылы бақылаушы мәртебесін алған болатын.
Еске сала кетсек, бұдан бөлек Мажарстан Үкіметі қазақстандық студенттер үшін 200 грант бөліп отыр. Яғни, оның 90 гранты бакалавриат, 90 гранты магистратура, 20 грант докторантура бойынша бөлінбек. Оқу тегін. Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан барған жастар айлық шәкіртақы алады. Нақтырақ айтқанда, бакалавриат пен магистратурада шәкіртақы 130 еуро болса, докторантурада оқитын жастар 420 еуроға дейін шәкіртақы алады.