Мажарстан ЕО-дан миграция ережесін бұзғаны үшін салынған тәулігіне €1 млн айыппұлды өтеуді талап етеді

АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан Еуропалық одақтан миграция саласындағы ортақ ережелерді сақтамағаны үшін елге салынған айыппұлды өтеуді талап етпек. Будапешт бұл әлі күнге дейін тәулігіне €1 млн төлеп келеді. Сонымен қатар Мажарстан босқындар мен мигранттарға қатысты ұстанымын өзгертпек емес, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Фото: BILD

Бұл туралы Мажарстан премьер-министрі Петер Мадьяр Будапештте Еуропалық халық партиясының төрағасы Манфред Вебермен кездесуден кейін мәлімдеді.

Мадьярдың айтуынша, Еуропалық халық партиясының басшысы Мажарстанға баспана беру ережелеріне байланысты тәулігіне €1 млн айыппұл төлеуден босататын шешім табуға көмектесуге дайын екенін білдірген.

Премьер-министр Мажарстан шекарасын қорғауды жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ ЕО-ның жаңа бюджетін талқылау кезінде ел осы уақытқа дейін төлеп келген айыппұлды өтеуді талап ететінін жеткізді.

Мадьяр бұл мәселені Будапештке келетін Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштамен кездесуде де көтермек. Кошта Еуропалық одақтың жаңа жеті жылдық бюджетін талқылау үшін мүше мемлекеттердің астаналарын аралап жүр.

2024 жылғы маусымда Еуропалық одақ соты Мажарстанға €200 млн көлемінде біржолғы айыппұл салды. Сот елді шешімді орындау мерзімін кешіктірген әр күн үшін тағы €1 млн төлеуге міндеттеді. Айыппұл ЕО-ның баспана беру және көші-қон саласындағы ережелерін сақтамағаны, сондай-ақ мигранттарды елден шығарғаны үшін салынды.

12 сәуірдегі сайлау қорытындысы бойынша билікке келген Мажарстанның жаңа үкіметі бұл айыппұлды төлеуді жалғастырып келеді.

Мадьяр бұған дейін Еуропалық одақтың Мажарстанға қатысты ұстанымын әділетсіз деп атаған. Ол үкіметі үшінші әлем елдерінен мыңдаған босқынды ел аумағына кіргізуге жол бермейтінін мәлімдеген.

Сонымен бірге премьер-министрдің айтуынша, жаңа үкімет ЕО басшылығымен бұрынғы үкіметке қарағанда сындарлы қарым-қатынас орнатқан. Алайда Будапешт Мажарстанның мүддесін қорғауды жалғастырады.

Мадьяр үкіметі халықаралық мәселелердің бірқатарына қатысты ұстанымын Виктор Орбан кабинетімен салыстырғанда өзгертті. Алайда Брюссельдің көші-қон саясатына қатысты бұрынғы ұстаным сақталды. Қазіргі билік ЕО-мен тікелей текетіреске бармай, ымыралы шешімдер іздеуге басымдық беріп отыр.

Осыған дейін Петер Мадьярдың Мажарстанның премьер-министрі қызметіне ресми түрде кіріскені туралы жаздық.