Мажарстан – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazinform Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мажарстан – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 24%-ға артып, $172 млн-ға жетті. 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Біз тауар айналымын одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көріп отырмыз және қазақстандық өнімнің Мажарстанға экспортын 95 тауарлық позиция бойынша шамамен $700 млн-ға арттыруға дайынбыз», - деді Премьер-Министр.

Инвестициялық ынтымақтастық бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Мажарстан 2005 жылдан бері Қазақстанға $330 млн шамасында тікелей инвестиция салды. Тек 2021-2022 жылдары шамамен $75 млн-ға жуық инвестиция тартылды. Бұл барлық инвестицияның жалпы көлемінің шамамен ширек бөлігін құрайды. Виктор Орбан өз кезегінде Қазақстан мен Мажарстанның саяси байланыстары жақсы дамығанын, сондықтан енді экономикалық байланыстарды тереңдету мен кеңейтуге көбірек көңіл бөлу керектігін айтты.

«Сіздердің Президенттеріңіз мүмкіндігінше бірлесіп жүзеге асыруға болатын көптеген жобаны қарастыруымыз керек деген ұсыныс жасады. Тәжірибе көрсеткендей, бір-бірінен шалғай жатқан мемлекеттер қандай да бір флагмандық жоба арқылы экономикаға серпіліс жасай алады. Бұл басқа да шағын кәсіпорындарды ынтымақтастыққа тартуға көмектеседі. Ендігі міндет – қандай жобаларды жүзеге асыра алатынымызды анықтау. Біз аталған бағытта қарқынды жұмыс істей аламыз деп үміттенеміз», — деді Мажарстан Премьер-Министрі.