Мажарстан Президенті: Әлем Қазақстанды аймақтағы цифрлық держава ретінде тани бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок Kazinform тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің келешегі туралы пайымын айтты.
— Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық байланысқа баға берсеңіз, қай бағыттардың әлеуеті тереңдетуге тұралық дер едіңіз ?
— Біздерге ортақ тарихи мұраны ескерсек, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас қазір белсенді даму кезеңін бастан кешіп жатыр деуге болады. Былтыр біз стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығын атап өттік. Бұл серіктестік тығыз саяси байланыстармен, жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлармен, үнемі кеңейіп келе жатқан экономикалық ынтымақтастықпен, тығыз мәдени байланыстармен және білім беру саласындағы өзара байланыстармен көзге ұрып тұр.
Басым бағыттардың ішінде энергетика, фармацевтика және ауыл шаруашылығын бөліп атауға болады. Біз тек аймақта ғана емес, жаһандық деңгейде танылған Қазақстандағы цифрландыру процестерін үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Дәл осы салалар, біздің ойымызша, алдағы жылдары екіжақты өзара іс-қимылды тереңдете түсетін түрі бар.
- Қазақстан мен Мажарстан Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланысты дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда көлік, логистика, энергетика тізбектерінің рөліне қандай баға берер едіңіз?
- Біз Еуропалық Одаққа мүше мемлекет ретінде, әсіресе Орталық Еуропа елі ретінде Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға стратегиялық мән береміз. Қазіргі дағдарыстар жағдайында Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастықтың, сауданы дамытудың, энергия көздерін әртараптандырудың және сенімді халықаралық көлік маршруттарын құрудың маңыздылығы артып келеді. Осы бағыттардың бәрінде Қазақстан шешуші рөл атқарады.
Қазақстан аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі айтарлықтай жетістік болып есептеледі. Мажарстан мен Қазақстанның алдында Еуропа мен Азия арасындағы көпір және қақпа ретінде қызмет етудің мүмкіндіктері тұр.
- Екі арадағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуда гуманитарлық байланыстардың рөлі қандай деп ойлайсыз?
- Түркілік тамыр қазақ және мадияр халқының арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға берік әрі сенімді негіз болып отыр.
Stipendium Hungaricum бағдарламасы аясында жыл сайын Қазақстан азаматтарына 250 грант ұсынамыз. Ондағы бір орынға 6 адам таласады. Біз қазақстандық студенттердің бізде білім алуға деген қызығушылығын қолдаймыз және бірқатар венгриялық университеттің қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты белсенді дамытып жатқанына қуаныштымыз.
Біздің туризм саласындағы байланыстарымыз Будапешт пен Шымкент арасындағы тікелей әуе қатынасының арқасында нығайып келеді. Бұл екі халықтың жақындасуына ықпал етеді. Іскерлік және туристік сапарлар мен жаңа табыстардың артуы барлық деңгейдегі қазақ-мадияр байланысы ортақ тамырға негізделген бауырластықты нығайта түседі.
Бұған дейін Мажарстанның OTP Bank-і Қазақстанның қаржы нарығына кіретінін жазған едік.