Мажарстанда ауа температурасы рекордтық деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстанда ауа температурасының жаңа рекорды тіркелді. Будапештте термометр бағаны 40 градусқа дейін көтерілді. Бұл туралы елдің HungaroMet метеорологиялық қызметі хабарлады, деп жазады Report .

Фото: Рixabay

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін рекорд 1935 жылы тіркелген еді. Ол кезде ауа температурасы 39,9 градусқа жеткен болатын. Билік өкілдері аптаның басында күннің ыстығы 42 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Егер бұл болжам расталса, елдің метеобақылау тарихындағы абсолюттік температуралық рекорд жаңарады.

Аптап ыстыққа байланысты HungaroMet ауа райы қаупінің ең жоғары — үшінші деңгейін жариялады. Үкімет мемлекеттік мекемелер мен компанияларға қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіруді ұсынды. Ал жұмыс орындарында болуы міндетті қызметкерлер үшін ғимараттарды кондиционермен жабдықтап, ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар әскери қызметкерлер, жергілікті билік пен қайырымдылық ұйымдары қоғамдық орындарда тұрғындарға ауыз су таратып жатыр.

Аптап ыстық салдарынан жедел жәрдем шақыру саны 8 пайызға артқан. Бірнеше адам күн өтіп, ауруханаға жеткізілді. Дегенмен елде әзірге ірі төтенше оқиғалар тіркелген жоқ.

Еске салайық, Францияда бірнеше күнге созылған аптап ыстық салдарынан өлім-жітім көрсеткіші болжанған деңгейден шамамен мың жағдайға артты.