Мажарстанда қазақ тілін үйретіп жүрген Эрика Онер: «Әгугайды» тыңдап, қазақ мәдениетіне ғашық болдым
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Мажарстанда студенттерге қазақ тілін үйретіп жүрген Эрика Онердің өз ұлты да мажар. Ол қазақ мәдениетімен, әдебиетімен, салт-дәстүрімен етене таныс. Таяуда Эрика Шығыс Қазақстанға келіп, өңірдің тұмса табиғатын тамашалап таңдай қағып кетті. Kazinform тілшісі мейманды әңгіме тартып көрген еді.
— Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ…
— Мажарстанның Сольнок қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым соның іргесіндегі шағын ауылда өтті. Қазір отбасыммен бірге Венгрияның оңтүстігінде, Сербия шекарасына жақын Сегед қаласында тұрамын. Екі кішкентай қызым бар. Тіл үйренгенді, жаңа сөздерді меңгергенді ұнатамын. Қазір орыс тілін үйреніп жатырмын. Саяхаттағанды, басқа халықтардың салт-дәстүрімен танысқанды, сурет салғанды жақсы көремін. Отбасымның орны бөлек. Оларға міндетті түрде уақыт арнаймын. Балаларыммен бірге ойнап, дәмді тағамдар әзірлеп беремін. Болашақта отбасыммен Қазақстанға келуді армандап жүрмін.
— Қазақ тіліне деген қызығушылық қалай пайда болды?
— Сегед университетінің Алтайтану және түркология мамандығына оқуға түскен едім. Бірінші курста түрік тілін тереңдетіп оқыдық, ал 2-курста екінші шет тіл ретінде алтай тілі тобына жататын бурят-моңғол және қазақ тілдерін таңдауға болады екен. Мен дыбыс сазы өте әдемі қазақ тілін таңдадым.
— Қазақ тілін үйреткен ұстазыңыз кім?
— Ұстазым Мұқышева Раушангүл Зақанқызы. Қазір ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде орыс филологиясы және журналистика кафедрасының сениор-лекторы, филология ғылымдарының кандидаты, журналист және аудармашы. Мажарстанда 23 жыл тұрған ол мажар тілін өте жақсы біледі. Жақында венгр ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударған жаңа кітабы жарық көрді. Қазақтың бай тілін ғана емес, тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін Раушангүл Зақанқызынан үйрендім.
— Тіл үйрену қиын болмады ма?
— Мажар тілі мен қазақ тілі агглютинативті. Бұл тілді үйренуімізді жеңілдетті. Бірақ екі тіл өзара ұқсас емес: венгр тілі фин-угор тілдеріне, ал қазақ тілі алтай тіліне жатады. Қазақ тілінің грамматикасы күрделі. Екі жылдың ішінде әйтеуір ойымды қазақ тілінде жеткізе алатын болдым. Бауырлас халықтың тілі болғандықтан түрік тілі қазақ тілін үйренуіме септігін тигізді.
— Мажар мен қазақ мәдениетінің, салт-дәстүрінің айырмашылықтары мен ұқсастықтары қандай?
— Зерттеулер болмаса екі халықтың арасындағы ежелгі байланыстың қаншалықты берік екенін елестете де алмас едік. Мен туып-өскен жер — ежелгі Құман өлкесі. Құмандар — Ертiстің орта ағысын мекендеуден бастап, XIII ғасырда Венгрияның орталық аймағына қоныстанған түрік тайпасы. Олар бірте-бірте венгрлерге қосылып, қыпшақ тілінен айырылды. Бірақ қыпшақ тілінің ізі өше қоймады. Туған жеріме жақын Қарцағ деген қалада қазақтың құрметті консулы бар. Құман тайпасы тілінің шығу тегі туралы зерттеулер жалғасып жатыр. Біздің ескі салт-дәстүріміз қазақтың салтына көп жағынан ұқсас көрінеді.
— Сегед университетінде қазақ тілін неше студент оқып жатыр? Олардың тілге деген қызығушылығы қандай?
— Раушангүл Зақанқызы Өскеменге оралғандықтан Сегед университетінің Алтайтану кафедрасының меңгерушісі қазақ тілінен сабақ беруімді өтінді. Қазір Венгриядағы Сегед университетінің Алтайтану және түркология кафедрасында сабақ беремін. Ол жақта қазақ тілін 6 студент оқып жатыр. Қазақ тіліне ерекше қызығушылық танытқан студентім Өскемен қаласындағы жоғары оқу орнына оқуға түсті. Диплом тақырыбында түстердің қазақша атаулары мен тарихын, мағыналық сипатын қарастырады. Магистратурада оқуын жалғастырып, қазақ тіліне қатысты тақырыпты зерттегісі келеді. Университеттердің бір-бірімен ынтымақтастықты ұстанғаны қуантады. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне біздің оқу орнынан бір студент келді. Ал өскемендік екі студент Сегед Университетіне ағылшын тілін үйренуге бет алды. Білім алушылар тек тіл үйреніп қана қоймай, шексіз дала, әдемі табиғатты тамашалап, болашақта екі ел арасындағы оң келіссөздерге түрткі болады деп ойлаймын.
— Қазақ әндерін тыңдайсыз ба?
— 2011 жылы алғаш рет қазақ тіліндегі «Әгугай» әнін тыңдап, ғашық болдым. Содан бері осы әнді жиі тыңдаймын. Меніңше, бұл ән қазақ даласының кеңдігін елестетін сияқты. Қазақ халқының өнері мен музыка мәдениетінің тарихы тереңде.
— Қазақстанға алғаш қашан келдіңіз? Сол сапардан қандай әсер алдыңыз?
— Қазақстанға алғаш рет 2011 жылы келдім. Ұшақтан Алматыда түсіп, ол жақтан Таразға пойызбен жолға шықтық. Маған елдің табиғаты мен тарихи жерлері қатты ұнады. Айша бибі кесенесіне бардық. Сапар барысында қазақ ұлттық тағамдарымен қоса, көрші халықтардың да ас мәзірімен таныс болдым. Қазақша ет, палау мен манты өте дәмді екен. Сорпаларды да жақсы көремін. Жергілікті тұрғындар ілтипат танытып, жылы лебізін білдіріп жатты. Қазақстан халқы жөнінде тек жағымды әсер алдым.
Осы жолы Өскеменге жақын маңдағы Ақбауыр үңгірін көріп, Шығыс Қазақстан облысының тұнық табиғаты мен биік тауларының ерекше сұлу екеніне көзім жетті. Адамдар қонақжайлық танытып, маған көмектерін аямады. Қазақша сөйлегеніме таңданып, қолдау білдіріп те жатты.