АСТАНА. ҚазАқпарат - Мажарстанның Дебрецен қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық турнирде қазақстандық Серік Теміржанов финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық турнирде Серік Теміржанов (57 келі) жартылай финалда өзбекстандық Самандар Холмурадовпен қолғап түйістірген еді.
Жекпе-жек барысында Серіктің басымдығы байқалып тұрды. Шаршы алаң төрінде қазақстандық боксшы ширақ қимылдады. Нәтижесінде төрешілер шешімімен жеңіс Серік Теміржановқа берілді. Ол финалға жолдама алды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Дулат Бекбауов (67 келі) финалға шыққан еді.
Ел құрамасынан жартылай финалда Дамир Әбдіқадыр (51 келі), Дамир Тойбай (92 келіден жоғары) қарсыластарына есе жіберді.
Сондай-ақ, ел құрамасынан Нұрбек Оралбай 80 (келі) 1/4 финалда украин боксшысы Александр Хижнякке жол беріп қойды.
Қазақстандық бапкерлер аталған турнирге ел құрамасы сапында 13 боксшыны алып барды.
Фото: sports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.