«Біз тет-а-тет форматында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде жемісті пікір алмастық. Талқылаулар конструктивті болды. Елдеріміздің арасындағы тауар айналымын арттыру үшін қосымша қадамдар жасауымыз керек деген ортақ пайымға келдік. Осыған байланысты сізге екі арадағы сауда айналымына тың серпін беру үшін үкіметке тиісті шара қабылдауды тапсырсаңыз деген өтінішім бар. Өйткені қазіргі деңгей экономикамыздың әлеуетіне сәйкес келмейді. Жалпы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы әріптестіктің беталысы өте жағымды, қол жеткен нәтижелер баршылық», — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Ақордада Мажарстан Премьер-Министрін қарсы алу салтанаты өткенін жазған едік.
Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанмен кездесу кезінде екі елдің бауырластық байланысы туралы айтты.
«Қазақстан сіздің атамекеніңіз деп айтуға болады. Себебі тамырыңыз осы жерден бастау алады. Өзіңіз қыпшақтарға өте жақынсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі. Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі ел арасындағы ынтымақтастыққа күшті серпін береді деп сенеміз. Қазақ пен мажар — ежелден сыйластығы жарасқан туыс халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Тарихи тамырластық және тығыз байланыстар бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болды. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамыды», — деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, кеше кешке Виктор Орбанды Астана әуежайында вице-премьер Серік Жұманғарин күтіп алған болатын.
Қазақстан басшылығымен келіссөз барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтеді.
Оған Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, бақылаушы мемлекеттер — Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.