Мажарстанның OTP Bank-і Қазақстан нарығына кіреді

Фото: Gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Астана халықаралық қаржы орталығында Қазақ-мажар инвестициялық қоры құрылады. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы айтты.

- Бүгінде Мажарстанның бірнеше ірі компаниясымен келіссөз жалғасып жатыр. Оның ішінде Мажарстанның қаржы саласындағы ең үлкен банкі - OTP Bank-тің Қазақстан нарығына кіруіне қатысты келіссөз бар. Сонымен қатар Мажарстанның телекоммуникация, ғарыш саласындағы технологиялық ІТ компаниясының Қазақстанға сапары өтті. Сол сапар барысында «Қазақстан ғарыш сапарымен», «Қазақтелекоммен» ортақ жобалар, қорғаныс саласында ортақ жоба жасау бойынша келіссөз басталды. Мұнан бөлек мұнай-газ саласындағы MOL компаниясы еліміздің газ саласына қомақты инвестиция салу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр, - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, алдағы уақытта Мажарстанның атом энергетикасы саласындағы MVM компаниясының Қазақстанға сапары өтеді. Бұл компаниямен атом, энергетика, инфрақұрылым саласында бірқатар ортақ жоба қарастыру жоспарланып отыр.

- Тағы бір үлкен жоба – Мажарстанда үлкен көлік-логисткалық хаб құру. Өткен жылы сондай келісім болған еді. Соған орай «ҚТЖ Экспресс» компаниясының мажарлық компаниямен келіссөздері жалғасып жатыр. Оған қытай тарабы да қатысады. Бұл бойынша жақын арада ортақ меморандумға қол қойылатыны күтіледі. Әрине, ең бастысы – Қазақ-мажар инвестициялық қорын құру. 100 млн долларлық инвестициялық қор бойынша келіссөздер аяқталды деп есептеуге болады. Жақын арада осы инвестициялық қорды Астана қаржы орталығында құру жөніндегі келісімге қол қойылмақ, - деді Абзал Сапарбекұлы.

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокты қарсы алды.