Мәжіліс 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады
ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржановтың айтуынша, заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзету енгізілді.
«Түзетулердің бірінші блогы депутаттар бастамашылық жасап, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Мәселен, халықты таза сумен қамтамасыз етуге, газбен жабдықтау жүйесіне, көлік инфрақұрылымын дамытуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, сондай-ақ денсаулықты сақтау объектілерін салуға қосымша шығыстар көзделген», - деді Е. Біржанов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Жалпы, 2023 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражатынан 6,2 трлн теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 29,4%-ын құрайды.
Түзетулердің екінші блогын Үкімет ұсынды және ол Президент Жолдауы мен оның жекелеген тапсырмаларын қаржылай қамтымасыз етуге бағытталған.
«Бұл зейнетақының орташа мөлшерін өсіруге, бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін ұлғайтуға, Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтамасыз етуге және мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған шығыстар», - деді Қаржы министрінің міндетін атқарушы.
«Біз жаңа ғана келесі жылдарға арналған негізгі қаржылық құжатты қабылдадық. Заң жобасы аясында Үкіметпен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқарылды. Республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, елдің даму мақсаттарына да сай келеді. Күрделі геосаяси жағдайлар да ескерілген. Президент тапсырмаларын орындауға бұл бюджет жобасында ерекше мән беріліп отыр», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Заң жобасын талқылауда Ұлттық экономика министрі 2027 жылға дейінгі мұнай бағасы, инфляция, экспорт бағалары мен жалпы ішкі өнім көлеміне болжамдарын айтқан еді.
Сонымен бірге, келесі жылы республикалық бюджет кірісі артады.