Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңа редакциядағы кодекс жобасы 900 баптан тұрады. Құжат негізінен әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға, мемлекеттік органдардың әкімшілік жазаларды қолдану жөніндегі өкілеттіктерін айқындауға бағытталады. Бұдан бөлек, жоба аясында әкімшілік заңнама ізгілендіріліп, соттарға түсетін жүктеме азайтылады. Осыған байланысты соттар мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын уәкілетті органдардың құзыреттері қайта қаралады.

Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, кодекс жобасында шағын бизнесті қолдау бағытындағы ізгілендіру нормалары ұсынылып отыр. Бұл ретте шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұлдар мөлшері орташа алғанда екі есеге дейін төмендетіледі. Бұдан бөлек, әкімшілік жауапқа тарту рәсімдері жаңғыртылады.

«Бұдан бөлек, кодекс жобасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету институттары жетілдіріледі. Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін, оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оларға тыйым салу түріндегі жаңа шаралар енгізіледі. Бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру, қоршаған ортаға нұқсан келтіру, техногендік сипаттағы апаттар, эпидемиялар секілді теріс салдарды болдырмаумен байланысты», - дейді министр Б. Имашев.